Көше тағамдары – дәмді, тез және ыңғайлы. Көпшілігіміз жолда келе жатып, шаурма, бәліш немесе хот-дог сияқты жылдам тағамдарды жеуден бас тартпаймыз. Алайда тәбетті иіспен қатар, бізді тамақтан улану сияқты қауіп күтіп тұруы мүмкін.
Тамақтан уланудың негізгі себептері- санитариялық талаптардың сақталмауы, сапасыз немесе мерзімі өткен өнімдерді қолдану, тағамды жеткілікті термиялық өңдеуден өткізбеу,
ластанған суды пайдалану.
Көше тағамдарын таңдағанда өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады? Міне, бірнеше қарапайым, бірақ маңызды ережелер:

Тексерілген сауда нүктелерін таңдаңыз
Сауда орнының тазалығына және сатушының сыртқы келбетіне назар аударыңыз. Көп клиент баратын жерлерді таңдаңыз – бұл өнімнің тез айналатынын көрсетеді.

Тағамның сыртқы түрі мен иісін тексеріңіз
Өнімдер балғын, жағымсыз иіссіз және күмән туғызбайтын құрылымда болуы тиіс. Күмәндансаңыз – сатып алудан бас тартыңыз.

Сақтау жағдайларына мән беріңіз
Ет, балық, сүт өнімдері тиісті температурада сақталуы қажет. Ашық күн астында тұрған тағамнан бас тартыңыз.

Шикі және толық піспеген тағамдарды тұтынбаңыз
Ет пен балық толық пісірілуі керек, жұмыртқа – жақсылап қуырылған немесе қайнатылған болуы тиіс.

Қауіпсіз суды тұтыныңыз
Тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішіңіз. Тексерілмеген көздерден алынған судан жасалған сусындардан аулақ болыңыз.

Жеке гигиенаны сақтаңыз
Тамақтанар алдында міндетті түрде қолыңызды жуыңыз немесе антисептик қолданыңыз.
Көше тағамын таңдағанда, әсіресе жазғы уақытта улану қаупі артатын кезеңде, барынша сақ болыңыз. Өзіңіз бен балаларыңыздың денсаулығын қорғаңыз!