Іс-шараны ведомство басшысының міндетін атқарушы Сауле Садвакасова жүргізді. Талқылауға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдері мен филиалдары, облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Онлайн форматта аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері де қосылды.
Жиынды ашқан Сауле Садвакасова йод тапшылығы ауруларының алдын алуда кешенді көзқарастың маңыздылығын атап өтті. Бұл дерттер қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ол өнімдерді өмірлік маңызы бар микроэлементтермен, әсіресе йодпен байыту технологиялары – фортификация – халықтың тамақтану сапасын арттыруға және йод тапшылығымен байланысты көптеген аурулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.
Департаменттің бөлім басшысы Динара Бейсембекова баяндама жасап, өңірде йод тапшылығын азайту бойынша атқарылып жатқан шаралар мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында фортификацияланған өнімдерді енгізу жоспарлары туралы кеңінен баяндады. Әсіресе микронутриенттермен байытылған ұнды қолдана отырып, нан-тоқаш өнімдерін шығару және йод қосылған бөтелкеленген суды өндіру мәселесіне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар халық арасында тұз тұтынуды азайту бастамаларын талқылады. Атап айтқанда, бұл тұзсыз нан және тұзы төмен өнімдер шығару арқылы жүзеге асырылады. Мұндай шаралар жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Іс-шараның практикалық бөлімінде Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандары жүргізген зертханалық зерттеу көрсетілді. Қатысушыларға фортификацияланған және фортификацияланбаған ұн үлгілері ұсынылып, байытылған өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі нақты мысалдар арқылы көрсетілді.
Фортификацияны енгізу мен тұз тұтынуды азайту — бұл халық денсаулығын жақсартуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.