Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің көшпелі кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Комитет төрағасы Сархат Бейсенованың төрағалығымен санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатты қамтамасыз етуге жауапты негізгі мемлекеттік және сараптамалық құрылымдардың өкілдері қатысты.

Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің көшпелі кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Комитет төрағасы Сархат Бейсенованың төрағалығымен санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатты қамтамасыз етуге жауапты негізгі мемлекеттік және сараптамалық құрылымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараға Комитеттің орталық аппаратының, Ұлттық сараптама орталығының, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау, білім, ветеринария басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Сархат Бейсенова өңірлердегі осындай көшпелі кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай отырыстар нақты жағдаймен тікелей танысып, мамандарды тыңдауға, проблемалық тұстарды анықтап, оларды шешудің жолдарын ашық диалог форматында табуға мүмкіндік береді.
— Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын тек бір құрылымның күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл ретте денсаулық сақтау, білім, ветеринария органдары мен жергілікті атқарушы билік арасында тығыз өзара іс-қимыл мен үйлестіру маңызды. Бұл процеске қатысушылардың әрқайсысы азаматтардың денсаулығы үшін өз үлесіне жауапты, — деді Сархат Бейсенова.
Отырыстың маңызды сәттерінің бірі Комитет төрағасының орынбасары Марал Рахымжанованың баяндамасы болды. Ол өз баяндамасында білім беру мекемелерінде, медицина ұйымдарында және ветеринариялық бақылау нысандарында санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылған жұмыстың қорытындыларын жеткізді. Нақты мысалдар келтіріліп, өңірдегі жетістіктер мен кездесіп отырған қиындықтар талқыланды.
Жиын барысында өңірлік департаменттер көтерген өзекті және проблемалық мәселелер жеке блок ретінде қаралды. Бұл әлсіз тұстарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар тиімді тәжірибемен алмасуға мүмкіндік берді. Отырыс сындарлы әрі ашық атмосферада өтті. Талқылау ресми емес, нақты практикалық сипатта өрбіді.
Жиын соңында Сархат Бейсенова қатысушыларға белсенді ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, олардың басты мақсаты — тек жергілікті жерлердегі жағдайды бақылау ғана емес, сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік жүйесінің барлық буындары арасында диалогты нығайту екенін атап өтті.