
Дұрыс тамақтануды ұйымдастыру – бұл қиын да, қымбат та емес және мүлде қызықсыз нәрсе емес. Ең бастысы – оның қағидасын түсіну. Ең қарапайым әрі көрнекі тәсілдердің бірін Гарвард қоғамдық денсаулық сақтау мектебі ұсынған – бұл «Дұрыс тамақтану тарелкесі» әдісі. Ол күнделікті ас мәзірін қатаң диетасыз, калория санаусыз және құрбандықсыз оңай құруға көмектеседі.
«Дұрыс тамақтану тарелкесі» дегеніміз не?
Бұл – сіздің тамақтану тәртібіңіздің дұрыстығын көзбен шолып бағалауға мүмкіндік беретін көрнекі құрал. Елестетіп көріңіз: тарелке шартты түрде төрт бөлікке бөлінген:
Тарелкенің жартысы – көкөністер мен жемістер
Неғұрлым алуан түрлі және түрлі түсті болса – соғұрлым жақсы. Басымдық – жаңа, маусымдық, шикі өнімдерге беріледі. Сондай-ақ буға піскен, грильде немесе бұқтырылған көкөністер де жарайды. Алайда тұздалған, маринадталған өнімдер мен картоп – ең жақсы таңдау емес. Айта кету керек, бұл тәсілде картоп көкөніс емес, крахмал көзі ретінде қарастырылады.
Тарелкенің төрттен бірі – тұтас дәнді дақылдар
Қарақұмық, сұлы, булгур, қоңыр күріш және арпа – бұлар ұзаққа тойдырады және қандағы қант деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермейді. Ақ наннан, өңделген күріштен және жұмсақ бидайдан жасалған макароннан бас тартқан жөн.
Тарелкенің төрттен бірі – ақуыздар
Құс еті, балық, теңіз өнімдері, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар, жаңғақтар және тіпті ішек-қарын өнімдері. Ақуыз – бұлшық еттер, иммунитет және ағзаны қалпына келтіру үшін аса қажет. Майсыз ет түрлерін таңдаңыз, ал қызыл етті – шамамен тұтыныңыз.
Пайдалы майлар – аз мөлшерде
Тамақтану рационына өсімдік майларын қосыңыз: зәйтүн, күнбағыс, зығыр майы. Күніне 1 ас қасық жеткілікті – салатқа немесе ботқаға қосуға болады.
Не ішу керек?
Ең жақсы таңдау – жай ғана су. Сондай-ақ қантсыз шай немесе сүтсіз кофе де жарайды. Ал газдалған сусындар, қораптағы шырындар мен тәтті коктейльдер күнделікті рационнан тыс қалғаны дұрыс. Сүт пен сүт өнімдерін – қалыпты мөлшерде пайдалануға болады.
Дұрыс тамақтану – бұл қатаң тыйымдар мен экзотикалық өнімдер туралы емес. Бұл – қарапайымдық, тепе-теңдік және өзіңізге, жақындарыңызға қамқорлық жайлы. Мұндай рацион иммунитетті, қуатты, жақсы көңіл-күйді сақтап, бала кезден пайдалы тамақтану әдеттерін қалыптастыруға көмектеседі.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы «Дұрыс тамақтану тарелкесі» бейнеленген көрнекі постерлерді қазақ және орыс тілдерінде дайындады. Оларды басып шығарып, үйдегі тоңазытқышқа, мектеп асханасына, кеңсеге немесе тіпті емханаға іліп қоюға болады. Бұл – салауатты өмірге бастар алғашқы және өте маңызды қадам.
Саналы түрде тамақтаныңыз. Түрлі тағам жеңіз. Қуана-қуана тамақтаныңыз.
Денсаулық – сіз бен отбасыңыздың тарелкесінен басталады.