Әрбір ата-ана өз баласының денсаулығын сақтау мен оны қауіпті аурулардан қорғауға тырысады. Мұндай аурулардың бірі — адамның папиллома вирусы (АПВ), ол онкологиялық аурулардың дамуына әкелуі мүмкін ауыр зардаптарға соқтыруы ықтимал. Бақытымызға орай, бүгінде бұл вирустың жұғуынан қорғайтын тиімді әрі қауіпсіз вакцина бар.
АПВ қарсы вакцинация неге соншалықты маңызды екенін қарастырайық.
АПВ — тері мен шырышты қабықтар арқылы жұғатын ең кең таралған вирустық инфекциялардың бірі. Көп жағдайда ауру ешбір белгілерсіз өтеді және адам оны байқамай да қалуы мүмкін. Алайда АПВ кейбір түрлері жатыр мойны, қынап, вульва, тік ішек, жыныс мүшесі, сондай-ақ ауыз-жұтқыншақ обырын (рагін) тудыруы мүмкін.
Жұғу кез келген жаста орын алуы мүмкін, сондықтан алдын ала қорғану өте маңызды. АПВ қарсы вакцина организмге ең қауіпті вирустық түрлерге қарсы иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Бұл вакцина жыныстық өмір басталмай тұрып салынса, ең жоғары тиімділік береді. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинацияны 9–13 жас аралығында жүргізуді ұсынады. Дегенмен, бұрын вакцинация алмаған ересектер де екпе алуы тиіс.
Көптеген зерттеулер АПВ қарсы вакцинаның қауіпсіз екенін және елеулі жанама әсерлер туғызбайтынын растайды. Ең бастысы — бұл вакцина шынымен де тиімді: ол АПВ жұқтыру және осы вирустың салдарынан болатын онкологиялық аурулар қаупін 90%-дан астам төмендетеді.
Ақмола облысында АПВ қарсы вакцинациялау науқаны басталған сәттен (2024 жылдың қыркүйегінен бастап) 4 мыңнан астам қыз бала егілді. Вакцинация ұлттық бағдарлама аясында тегін жүргізіледі, және бұл қамту көлемі ұлғайып келеді.
Болашаққа деген қамқорлық бүгіннен басталады.
Қыздарыңыздың денсаулығын қорғаңыз — АПВ қарсы уақытылы жүргізілген вакцинация олардың денсаулығын сақтап, тіпті өмірін құтқарып қалуы мүмкін.