Жылы маусым келгенде сауда сөрелерінде жаңа көкөністер мен жемістердің саны арта түседі. Алайда олардың пайдасымен қатар қауіп те жасырынуы мүмкін — ол нитратпен улану. Өзімізді және жақындарымызды зияннан сақтау үшін нитраты шамадан тыс өнімдерді қалай тануға болатынын және оларды дұрыс пайдалануды білу маңызды.
Нитраттар — бұл тыңайтқыштар шамадан тыс қолданылған жағдайда өсімдік тектес тағамда жиналатын химиялық қосылыстар. Оларға әсіресе кішкентай балалар бейім, себебі олардың ағзасында зиянды заттарды бейтараптандыратын ферменттер әлі қалыптаспаған. Ересектерде улану бас ауруын, жүрек айнуын, іштің ауыруын және ішек жұмысындағы бұзылуларды тудыруы мүмкін.
Нитраттардың 70%-ға жуығы адам ағзасына көкөніс, жеміс және көк шөптер арқылы түседі. Қалған бөлігі — су, ет өнімдері және ауадан. Нитраты көп өнімдер көбінесе сыртқы келбеті тым әдемі болады: ірі, жылтыр, жарықтары бар. Қарбыз бен қауынды таңдағанда орташа өлшемді, тым сулы емес түрлеріне назар аударыңыз. Мұндай өнімдер тез бұзылады және бөлме температурасында сақталғанда ішкі бөлігі желе тәрізді болып кетуі мүмкін.
2025 жылдың басынан бері өңірде жедел ішек инфекциясының 105 жағдайы тіркелді, олардың 15%-ында науқастар ауруды жаңа көкөністер, жемістер және салаттарды тұтынумен байланыстырады.
Көкшетау қаласында нитратқа зертханалық талдауды тек «Өнім қауіпсіздігі» ЖШС үш сауда орнында: «Цитрус» сауда үйі, «Жеке-Батыр» және Мирзохит ЖК-де жүргізеді. Қалған өнімдер бақылаусыз қалып отыр.
Ақмола облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және өнімді тегін тексеруді ұсынуда. Қазіргі уақытта 115 экспресс-талдау жүргізіліп, оның 11-інде (9,5%) шекті мөлшерден асу жағдайлары анықталды. Көбінесе мұндай жағдайлар Қытай, Чили, Бразилия және Өзбекстаннан әкелінген өнімдерде тіркелді.
Нитратпен уланудың алдын алуға болады, ол үшін өнім таңдау кезінде жауапкершілікпен қарау қажет. Өнім сапасын тексеріңіз, маусымдық жеміс-көкөністерді таңдаңыз, гигиена және тамақ өңдеу ережелерін сақтаңыз — сонда сіздің дастарханыңыз дәмді ғана емес, қауіпсіз де болады!