«Санэпидбақылаудан балалар лагерьлері туралы бәрі» айдары аясында жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған санитариялық заңнама талаптарымен оқырмандарды таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі тақырып – балалар сауықтыру мекемелеріндегі тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар.
Сауықтыру лагерьлеріндегі балалардың тамақтануы – жайлылық қана емес, ең алдымен қауіпсіздік мәселесі. Улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тамақтану үдерісі санитариялық талаптарға қатаң сәйкестікте ұйымдастырылуы тиіс.
Барлық үдерістер – азық-түлікті сатып алудан бастап дайын асты ұсынуға дейін – ағымдылық қағидатына бағынады: шикі және дайын өнімдер қиылыспайды, ыдыс-аяқ пен құрал-жабдықтар қатаң түрде бөлінеді, барлығына арнайы таңбалар қойылады. Жабдықтар, құрал-жабдықтар, орау материалдары мен ыдыс-аяқтар қауіпсіз материалдардан жасалуы және тағаммен жанасуға рұқсат етілген болуы тиіс.
Маңызды мәліметтер:

Ас мәзірі бекітілген ассортимент пен техникалық құжаттамаға сәйкес тағамдардан тұрады.

Асхананың сыйымдылығы жобалық қуаттылығынан аспауы тиіс.

Барлық аспаздық құрал-жабдықтар мен ыдыс-аяқтар міндетті түрде нұсқаулыққа сай дезинфекциядан, жуудан және кептіруден өтеді.

Бір реттік ыдысты қайта қолдануға, сондай-ақ зақымдалған ыдысты пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Өндірістік үй-жайларда ауа мен беттерді зарарсыздандыру бактерицидті сәулелендіргіштер арқылы жүргізіледі.

Өнімдерді бөлшектеуден бастап, құралдарды сақтауға дейінгі барлық үдерістерде арнайы таңбалау мен мақсатқа қарай бөлу қолданылады.

Тағам дайындалатын барлық бөлмелерде күн сайын жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдану арқылы тазалау жүргізілуі тиіс.
Жуғыш және дезинфекциялық құралдар азық-түліктен бөлек, арнайы бөлінген орындарда сақталады және тек тиісті құжаттар болған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі.
Өндірістік аймақтарға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады, ал ондай бөлмелердегі жөндеу жұмыстары санитариялық шаралар толық сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
«Балалар лагерьлері туралы бәрі» айдарын бақылауда ұстаңыз – алда сізді көптеген пайдалы ақпарат күтеді!