Меню
Страницы
Департамент туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Қоғамдық денсаулық сақтау
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
09 апреля 2026
Оқушылар денсаулығы – басты назарда: омыртқа мен көру қабілетін сақтау жолдары
Білім алушылардың денсаулығын сақтау – білім беру ұйымдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Әсіресе мектеп жасында қалыптасатын омыртқа қисаюы (сколиоз) мен көру қабілетінің төмендеуінің алдын алу өзекті мәселе болып отыр. Бұл көбіне оқу ортасындағы қолайсыз факторлардың әсерінен туындайды.
 
Омыртқа бұзылыстарының негізгі себептері – оқушы бойына сәйкес келмейтін жиһаз, ұзақ уақыт қимылсыз отыру, партада дұрыс отырмау және дене белсенділігінің жеткіліксіздігі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында оқушы бойына сай жиһазбен қамтамасыз ету, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру және сабақ барысында дұрыс отырысты бақылау талаптары қатаң сақталуы тиіс.
 
Алдын алу шараларының маңызды бөлігі – оқу жүктемесін ұтымды жоспарлау және сабақ кезінде сергіту жаттығуларын жүйелі түрде өткізу. Қимыл-қозғалыс белсенділігі омыртқаға түсетін жүктемені азайтып, оның дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
 
Көру қабілетінің нашарлауы көбіне көзге шамадан тыс күш түсуінен, оқу бөлмелеріндегі жарықтың жеткіліксіздігінен және электронды құрылғыларды ұзақ пайдаланудан болады. Сондықтан оқу кабинеттерінде табиғи және жасанды жарықтың талапқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс орындарын жарық көзіне қатысты дұрыс орналастыру маңызды.
Сонымен қатар, көз бен оқу құралы арасындағы арақашықтықты сақтау, гаджеттерді үздіксіз қолдану уақытын шектеу және көзге арналған жаттығуларды жүйелі орындау ұсынылады.
 
Оқу үдерісін ұйымдастыру, жарықтандыру жағдайы, жиһазды дұрыс таңдау және жүктеме режимін сақтау бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын жүйелі бақылау – оқушылар денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Бұл шаралар омыртқа қисаюы мен көру қабілеті бұзылыстарының алдын алуға және қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
09 апреля 2026
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау ақпараттық жүйесі: бақылауды цифрландыру және бизнеспен өзара әрекеттесу
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде өңірдегі медициналық ұйымдар мен кәсіпкерлер үшін семинар өтті. Жиында сауда саласындағы заңнамалық талаптардың сақталуы мен мемлекеттік бақылаудың цифрлық құралдарын енгізу мәселелері қаралды.
 
Департаменттің орынбасары Қанат Искаков Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау ақпараттық жүйесінің қызметі мен міндеттерін түсіндіріп, жүйенің бақылау процесін автоматтандыруға арналғанын атап өтті. Арнайы назар жоспарлы тексерулерді тәуекел деңгейінің объективті критерийлері негізінде қалыптастыруға аударылды, бұл адал бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
 
Қатысушыларға жүйе арқылы өндірістік бақылауды электрондық түрде жүргізу, қызметкерлердің медициналық тексерісін қадағалау және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын объектілер мен өнімдердің реестрін қалыптастыру мүмкіндіктері ұсынылды.
 
Семинар соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, оларға жүйенің жұмыс принциптері мен заңнама аясында толық түсіндірмелер берілді.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
09 апреля 2026
Кәсіпорындардағы өндірістік бақылау: еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кәсіпорындарда өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы хабарлайды.
 
Өндірістік бақылау — қызметкерлердің денсаулығына әсер етуі мүмкін өндірістік орта факторларын жүйелі түрде бақылауға, сондай-ақ еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын қадағалауға бағытталған міндетті іс-шаралар кешені. Оған химиялық заттар, шаң мен аэрозольдер, шу мен діріл, микроклимат және жарықтандыру көрсеткіштерін тұрақты бақылау кіреді.
 
Өндірістік бақылауды ұйымдастыру өндірістік бақылау бағдарламасын (ӨББ) әзірлеуден және бекітуден басталады. Бағдарламада бақыланатын факторлар тізбесі, зерттеу жүргізу мерзімділігі, өлшеу әдістері, жауапты тұлғалар және қамтылатын жұмыс орындары айқындалады.
 
Келесі кезеңде өндірістік үдерістердің ерекшеліктерін, қолданылатын материалдар мен жабдықтарды ескере отырып, зиянды және қауіпті факторларға талдау жүргізіледі.
 
Зертханалық зерттеулер аккредиттелген ұйымдармен жасалған шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бақылау шеңберінде ауадағы зиянды заттардың шоғырлануы, шу мен діріл деңгейі, микроклимат параметрлері және жұмыс орындарының жарықтандырылуы бағаланады. Алынған нәтижелер белгіленген санитариялық нормалармен салыстырылып, ауытқулар анықталған жағдайда тиісті түзету шаралары қабылданады.
 
Өндірістік бақылау нәтижелері есепке алу журналдарында тіркеледі. Сонымен қатар, оның қорытындылары туралы ақпарат әр жартыжылдықта, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-іне дейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық бөлімшелеріне ұсынылады.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
02 марта 2026
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда: тексерілген өнімнің 43%-ы талаптарға сай емес
Балаларға арналған тауарлар – жоғары жауапкершілікті талап ететін өнім санатына жатады. Себебі олардың сапасы мен қауіпсіздігі баланың денсаулығына тікелей әсер етеді.
2025 жылы Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген бақылау сатып алуларының нәтижесінде балалар мен жасөспірімдерге арналған зерттелген өнімдердің 43%-ы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Анықталған заңбұзушылықтардың 23%-ы балалар киіміне тиесілі. Сәйкессіздік анықталған өнімдер Түркия, Қытай, Корея, Қырғызстан елдерінде өндірілген, сондай-ақ өндірушісі белгісіз тауарлар да кездескен.
Барлық жағдайда (100%) таңбалау талаптарының бұзылғаны тіркелді. Атап айтқанда, мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттың болмауы, өндіруші туралы мәліметтердің, өндірілген елдің және дайындалған күннің көрсетілмеуі анықталған.
Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларға арналған тауарларды таңдағанда мына жайттарға назар аудару қажет:
• өткір қырларының, ақаулар мен зақымдардың болмауы;
• материал сапасы (жаңа туған нәрестелерге арналған бұйымдар табиғи матадан тігілген болуы тиіс);
• бұйым құрылысының қауіпсіздігі (арбада қауіпсіздік белдіктерінің болуы, қауіпті саңылаулар мен бөлшектердің болмауы);
• толық әрі анық жазылған таңбалаудың болуы.
Таңбалауда өнім өндірілген ел, өндірушінің немесе импорттаушының атауы мен мекенжайы, бұйымның атауы, дайындалған күні және нарықтағы бірыңғай айналым белгісі көрсетілуі тиіс. Кейбір тауар түрлеріне пайдалану және күтіп-ұстау жөніндегі нұсқаулық қоса берілуі міндетті.
Департамент ата-аналарды балаларға арналған өнімдерді сатып алу кезінде мұқият болуға шақырады. Сапалы әрі қауіпсіз тауарды таңдау – бала денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі.
Халықпен жұмыс
02 марта 2026
Көкшетауда кәсіпкерлерге цифрлық санитариялық бақылау тәртібі түсіндірілді
Көкшетау қаласында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуы және мемлекеттік бақылаудың цифрлық тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібі туралы баяндама жасаған Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қанат Искаков жүйенің негізгі бағыттары мен артықшылықтарына тоқталды.
Баяндама барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау үдерістерін автоматтандыруға арналған жүйенің мақсаты мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесі бақылау шараларының барлық кезеңін тіркеп, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ететіні және тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы негізсіз тексерулерге жол бермейтіні атап өтілді.
Жоспарлы тексерулер кәсіпкерлік субъектілерінің тәуекел дәрежесін айқындайтын объективті өлшемшарттар негізінде ғана жүргізіледі. Тәуекелі төмен нысандар жоспарлы бақылауға жатпайды, бұл адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктемені едәуір азайтады.
Сонымен қатар жүйенің өндірістік бақылауды электрондық форматта жүргізуге, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуін ақпараттық жүйелермен ықпалдасу арқылы қадағалауға, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын нысандар мен өнімдердің тізілімдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні баяндалды.
Жиын қорытындысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесін енгізу мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге, бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы
02 марта 2026
Кондитерлік өнімдер: тағамнан уланудың алдын алу шаралары
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кремі бар кондитерлік өнімдер, әсіресе торттар мен пирожныйлар эпидемиологиялық тұрғыдан тәуекелі жоғары тағам түріне жататынын ескертеді. Оларды сақтау және өткізу талаптары сақталмаған жағдайда тағамнан улану жағдайлары туындауы мүмкін.
Негізгі қауіп факторлары — сапасыз шикізатты пайдалану, дайындау технологиясының бұзылуы, сақтау кезіндегі температуралық режимнің сақталмауы, сондай-ақ өндіріс пен сауда орындарындағы санитариялық бақылаудың жеткіліксіздігі. Әсіресе ақуызды және қайнатпалы кремдер тез бұзылатын өнімдер қатарына жатады. Сондықтан оларды +2°С-тан +6°С-қа дейінгі температурада сақтау және өткізу мерзімдерін қатаң қадағалау қажет.
Тағамнан уланудың алдын алу мақсатында:
• өндірісте тек сапасы расталған, балғын шикізатты пайдалану;
• технологиялық талаптарды толық сақтау және жартылай фабрикаттарға міндетті түрде жылумен өңдеу жүргізу;
• шикізат пен дайын өнімді бөлек сақтау;
• қызметкерлердің жеке гигиена қағидаларын қатаң ұстануы;
• жабдықтар мен құрал-саймандарды жүйелі түрде зарарсыздандыру;
• жұқпалы ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу талап етіледі.
Тұтынушылар кондитерлік өнімдерді сатып алу кезінде қаптамасының бүтіндігіне, таңбалануына, дайындалған күніне, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына назар аударуы тиіс. Кремді өнімдер тек тоңазытқыш жабдықтарында сақталып, сатылуы қажет. Өзін-өзі қызмет көрсету тәсілімен және шағын бөлшек сауда нысандарында қаптамасыз кремді кондитерлік өнімдерді сатуға жол берілмейді.
Өндірістен бастап тұтынушыға дейінгі барлық кезеңде санитариялық талаптарды сақтау — тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және халық денсаулығын қорғаудың басты шарты.
 
 
 
 
 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
02 марта 2026
Жемқорлыққа жол жоқ: ашықтық, заң үстемдігі және жауапкершілік — мемлекеттік саясаттың басымдығы
Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның орнықты дамуына елеулі қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Ол азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретіп, адал бәсекеге кедергі келтіреді әрі елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.
Әсіресе мемлекеттік сатып алу саласы әлі де тәуекел деңгейі жоғары бағыттардың қатарында. Электрондық жүйелер енгізілгенімен, жекелеген жағдайда әділетсіз бәсеке мен заңбұзушылықтар кездесуі мүмкін. Сондықтан жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі саналады.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалық база жетілдіріліп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру кеңейтілуде. Сонымен қатар құқықбұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды қорғау тетіктері іске қосылған.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес — үздіксіз әрі жүйелі үдеріс. Мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана әділ әрі ашық орта қалыптастыруға болады.
Қоғамдық денсаулық сақтау
02 марта 2026
Ақмола облысында туберкулездің алдын алу айлығы басталды
2026 жылғы 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында Ақмола облысында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай туберкулездің алдын алу айлығы өтуде. Іс-шара «Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз! Қазақстанның көшбасшылығы. Инновациялар және адамдардың күші» ұранымен ұйымдастырылып отыр.
Айлықтың басты мақсаты — тұрғындардың туберкулездің алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуге ынталандыру. Ауруды ерте кезеңде анықтаудың маңызы ерекше, себебі дер кезінде қойылған диагноз асқынулардың алдын алып, инфекцияның таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Айлық аясында өңірде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып, тұрғындарға туберкулездің берілу жолдары, сақтану тәсілдері және жүйелі медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау
02 марта 2026
Ақмола облысындағы ЖРВИ мен тұмау: сырқаттанушылықтың төмендеуі және вакцинацияның маңызы
Ақмола облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының басты мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омарханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, күзгі-қысқы кезеңге тән маусымдық өсім бәсеңдеп, сырқаттанушылық біртіндеп төмендеу үстінде. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шамамен 102 мың жағдай есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың 64 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Зертханалық жолмен 79 тұмау дерегі расталып, негізінен A(H3N2) вирусы айналымда жүргені анықталды.
Өңірде санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда: медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттерінің жұмысы күшейтілді, пациенттер легі бөлінді, білім беру ұйымдарында келушілерге күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Алдын алудың ең тиімді тәсілі ретінде вакцинацияға айрықша назар аударылуда. Тұмауға қарсы иммундау науқаны аясында 83 мыңнан астам адам екпе алды, бұл облыс халқының 11 пайызын құрайды. Қолданылған вакциналар A(H1N1), A(H3N2) және B типті өзекті штамдарға қарсы бағытталған.
Сонымен қатар екпеден бас тарту жағдайларының артуы алаңдаушылық тудырады: 2021 жылы 627 бас тарту тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 3082-ге жеткен. 2026 жылдың қаңтар айында ғана 127 бас тарту дерегі есепке алынған.
Серік Омарханов иммундаумен қамтудың төмендеуі инфекция ошақтарының пайда болу қаупін арттыратынын атап өтіп, тұрғындарды вакцинацияға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қоғамдық денсаулық сақтау
02 марта 2026
2025 жылғы қорытынды: Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдай
Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі коллегиясында облыстың басты мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омарханов 2025 жылғы эпидемиологиялық жағдайға шолу жасады.
Оның айтуынша, өңірде инфекциялық аурулар бойынша ахуал тұрақты. Тиф, сібір жарасы, туляремия, полиомиелит, қызылша, бешендік және басқа да қауіпті инфекциялардың ірі ошақтары тіркелген жоқ. 2024 жылмен салыстырғанда кейбір аурулардың сырқаттанушылығы айтарлықтай төмендеген: қызылша — 3,8 есе, көкжөтел — 3,1 есе, дизентерия — 5 есе, жіті вирустық гепатиттер — 1,4 есе, кене энцефалиті — 2 есе.
Арнайы назар вакцинацияға аударылды: профилактикалық екпелермен қамту 2023 жылы 76,5%-дан 2025 жылы 97,3%-ға дейін өсті, бұл ұсынылатын 95% деңгейінен жоғары.
Сонымен қатар, облыстың медициналық ұйымдарындағы санитарлық-гигиеналық жағдай талқыланды. Департамент анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында шаралар қабылдайды, оның ішінде объектілердің қызметін уақытша тоқтату және әкімшілік айыппұл салу бар.
2026 жылға арналған басты міндеттер: профилактикалық екпелермен қамтуды кемінде 95% деңгейінде қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерге деректерді уақытылы енгізу және медициналық объектілерді санитарлық нормаларға толық сәйкестендіру.
 
 
 
 
 
 
 
 
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты