Асхат Оралов журналистерге «Алтын Томирис» сыйлығын табыс етті

Асхат Оралов журналистерге «Алтын Томирис» сыйлығын табыс етті

26 маусымда «Астана Опера» театрының сахнасында журналистерді «Алтын Томирис-2023» сыйлығымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәдениет пен өнер тақырыбындағы материалдарды жариялап жүрген БАҚ өкілдерін құттықтады.

Бұл сыйлықты 2021 жылы театрмен, опера және балет өнерімен, жалпы айтқанда мәдениетке байланысты жарияланатын журналистік бастамаларды қолдау үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» театры тағайындағанын еске саламыз. Биыл көптен күткен мүсіншені Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда» республикалық газеттерінің редакциялары, «Айқын», «Литер», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», «Новое поколение» газеттері, «Қазақ радиолары», «Ел.кз», «ҚазАқпарат», «Бақ.кз» ақпараттық агенттіктері, «Қазақстан ұлттық арнасы», «Хабар» агенттігі, «Хабар 24» телеарнасының «Мәдениет жаңалықтары» бағдарламасының редакциясы, «Жібек жолы», «Бірінші Қарағанды», «МИР», «Абай TV» телеарналары және тағы басқалары алды.

Құттықтау шарасы әртістердің өнер көрсетуінсіз өтпеді: Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Талғат Аллабиринов Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің ариясын әсерлі орындап шықса, кештің дарынды жүргізушілері Толғанай Артықбаева мен Жәнібек Авленов журналистерге әзіл айтып, викторина ұйымдастырды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов барлық қазақстандық журналистерді биыл қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға сахна төрінен мәдениет пен өнер жайында жарияланған қызықты мақалалар, рецензиялар, мазмұнды сюжеттер үшін алғыс айтты.

Еске сала кетейік, өзін адамдарға қызмет етуге арнаған ұлы жауынгер Томирис сыйлықтың символы атанған. Төрт атты басқарған батыл патшайымның бейнесі «Астана Опера» театрының маңдайшасына көрік беріп тұр. Сондай-ақ ол мәдени тақырыптарға қалам тартқан үздік журналистерге арналған марапаттың символына айналды.