UMAI: үздік өнер қайраткерлері ақшалай сыйлыққа ие болады

UMAI: үздік өнер қайраткерлері ақшалай сыйлыққа ие болады

UMAI Ұлттық сыйлығының лауреаттары 23 желтоқсанда белгілі болады. Қазір конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылданып жатыр. Бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен Қазақстанның мәдениет және өнер саласындағы еңбек сіңірген қайраткерлері жобаға қатысу шарттары мен жүлде қоры туралы айтып берді.

Жоба «Театр өнері», «Хореографиялық өнер», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» сияқты 4 номинация бойынша 19 сыйлықты қамтиды. Сонымен қатар, балалар жылына орайластырылған «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлде жарияланды.

Вице-министр UMAI ұлттық сыйлығы Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген өнер қайраткерлерін елеулі кәсіби жетістіктері үшін қолдауға бағытталғанын атап өтті.

«Қатысушылардың өтінімдері ағымдағы жылдың 9 желтоқсанына дейін қабылданады. Номинанттардың жұмысын құрамына Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері кіретін сараптама комиссиясының мүшелері бағалайды. UMAI Ұлттық сыйлығының жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайды. Айта кету керек, сыйлық шығармашылық ұжымдарға және жекелеген өнер қайраткерлеріне 2020 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың шілдесіне дейін екі театр/концерт/өнер маусымында жасалған спектакльдер, концерттер, шығармашылық жобалар, өнер туындылары үшін беріледі», – деді Нұрғиса Дәуешов.

Номинанттардың өтінімдері UmaiAstanaOpera@gmail.com  электронды поштасы арқылы қабылданады.
Толығырақ ақпаратты мына сілтеме бойынша оқи аласыздар:
https://astanaopera.kz/dynamic-page/19