«Астана Опера» театрында ұлы өнерді ұнататын жандарды айрықша Музыка күні күтеді

«Астана Опера» театрында ұлы өнерді ұнататын жандарды айрықша Музыка күні күтеді

Қазан айының басында «Астана Опера» театрында ұлы өнерді ұнататын жандарды айрықша Музыка күні күтеді: биыл мереке Х мерейтойлық маусым аясында өтеді. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында тыңдармандарға жарқын, мазмұнды концерттік бағдарлама әзірленді, онда ересек және балалар аудиториясы үшін көптеген тосынсыйлар болады.

– Он жыл – бұл аз уақыт емес, осынау мерзімде К.Байсейітова атындағы Камералық залда театр әртістері, қоюшылары мен музыкатанушылары үлкен жұмыс атқарды. «Piccolo» театрының ашылуы айтулы оқиға болды, оның аясында бірқатар опера-буффа жауһарларының премьерасы зор табыспен өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Балалар жылы болып жарияланған биылғы жылы жас театрсүйер қауым үшін «Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» фестивалін аштық. Әр маусым сайын біздің залда тыңдарманның жүрегінде ерекше орын алатын жаңа алуан түрлі концерттер өтеді. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және бүкіл әлемнен әртістер мен шығармашылық ұжымдар зор қуанышпен өнер көрсетеді. Он жылда біздің өз репертуарымыз, көрермендер аудиториямыздың қалыптасқаны өте маңызды. Сүйікті орындаушыларының өнер көрсетуімен рақаттануға келетін адамдардың жүздерін бірден танимыз. Осынау мақсат үшін біз он жыл емес, одан да ұзақ тынбай еңбек етуге дайынбыз. Бүгін барлығын керемет мереке – Халықаралық музыка күнімен құттықтағым келеді. Айналаңызды музыка қоршап, ол махаббат пен сұлулық кеңістігін құрсын, сізге өмірлік күш-қуат берсін, оптимизмге, жақсы көңіл күйге толтырсын, керемет келешекке деген сенім ұялатсын, жаңа жетістіктер мен жеңістерге жігерлендірсін, – деп атап өтті К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі, «Астана Опера» театры әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры Маржан Жәкенова.

1 қазанда Халықаралық музыка күніне орай өтетін Time of Music («Музыка уақыты») мерекелік концертінде сахнаға елордалық театрдың Камералық оркестрі мен қазақстандық мектептің атақты скрипкашылары – «Астана Операның» бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, сондай-ақ АҚШ-тан келетін мейман, «Грэмми» жүлдесінің құрылтайшысы болып табылатын Америка дыбыс жазу академиясының мүшесі Владимир Дё шығады. Шебер музыканттар В.А.Моцарттың Оркестрмен бірге скрипка мен альтқа арналған концерттік симфониясын, ми-бемоль мажор, сондай-ақ Оркестр мен скрипкаға арналған №3, соль мажор және №5, ля мажор концерттерін орындайды.

Театрдың опера труппасы 5 қазанда Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» комедиялық спектаклінде көрермендерге таусылмайтын шаттық, әзіл мен жалын сыйлайды. Бірталай жастағы дәулетті бойдақ пен тапқыр жас жесір Норинаның некесі жайлы өткір ойлы қойылымды «Астана Операның» опера солистері, оркестрі, хоры және мимансы жарқын етіп ұсынады. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, дирижер – «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин, қойылымның көркемдік жетекшісі – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа, режиссер – Еренбақ Тойкенов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов.

11 қазанда «Махаббатты жырлайсың...» концертінде театрдың жарқын солистері – сопрано дауысты әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Жамиля Джаркимбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, сондай-ақ Әсем Сембина, Назым Сағынтай, меццо-сопрано Татьяна Вицинская, тенор Артур Габдиев, баритон Ержан Саипов пен шақырылған бас Армин Бабаян өнер көрсетеді. Вокалистер қазақстандық және шетелдік композиторлардың әндері мен романстарын орындайды. Әншілерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Раушан Бескембирова сүйемелдейді.

14 қазанда «Ай сәулесі» музыкалық кешінде танымал әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеев, скрипкашы Мақсат Жүсіпов пен виолончельші Мұрат Нарбеков тыңдармандарға француз авторлары Морис Равель мен Клод Дебюссидің таңдамалы камералық-аспаптық шығармаларын ұсынады.

19 қазанда «Арфамен бірге» концертінде «Астана Опера» оркестрінің әртістері музыкалық мәнерлердің кең алуандығында ХХ ғасыр композиторлары мен заманауи авторлар шығармаларының таңғаларлық бағдарламасын таныстырады. Сахнаға арфашы Айнұр Қамалова, флейташы Хадиша Елібаева, кларнетші Диас Мұратов, фаготшы Ринат Исаков және құрамында Ася Нұржігітова, Айя Ғаббасова (скрипкалар), Жанар Абдрахманова (альт), Мағжан Сағади (виолончель) бар ішекті аспаптар квартеті шығады.

Айдың ірі оқиғасы Viva Celli виолончельшілер ансамблінің 28 қазанда өтетін осы ансамбльмен аттас таныстырылым концерті болмақ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың виолончельшілер тобының концертмейстері Дәулет Шәкіровтің жетекшілігіндегі ұжымға симфониялық оркестр әртістері Ботагөз Қалиева, Ажар Қадырова, Балжан Құдиярова, Курванжан Ахатов, Айдар Қазкен, Нұрисламбек Жұматов, Мағжан Сағади енді. Г.Ф.Гендель, А.Вивальди, Э.Вилла-Лобос, М.Равель, А.Пьяццолланың шығармаларынан бөлек, Естайдың «Құсни – Қорланы», сондай-ақ Дәулет Шәкіровтің авторлығына тиесілі «Прелюдия және Скерцо» туындысы орындалады.

«Күләштің әні» салтанатты концерті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналады. 29 қазанда аңызға айналған қазақстандық опера әншісінің ауқымды репертуарындағы шығармаларды театр солистері, Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары мен облыстық филармонияның шақырылған әртістері орындайды. Кеш ұйымдастырушысы – Қазақстанның вокалистер одағы.

К.Байсейітова атындағы Камералық залдың игі дәстүрі бойынша балалар аудиториясы да назардан тыс қалған жоқ, балаларға арнап қызықты бағдарлама әзірленді. Ең кішкентай тыңдармандарға 2 қазанда «Түрлі дауыстар әлемі» концертінде академиялық вокал өнерімен танысудың сәті түседі. Музыкатанушы Сәуле Мәулетова сопранодан бастап басқа дейін опера дауыстарының барлық түрлері жайлы айтып береді. Ал опера солистері мен «Астана Опера» балалар театр студиясы хорының жас әртістері әйгілі классикалық туындылардан танымал ариялар мен дуэттерді орындай отыра, адам дауысының шексіз әдемілігі мен таңғаларлық мүмкіндіктерін паш етеді. Концертмейстер – Раушан Бескемпірова, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Айдың балалар репертуарын 16 қазанда өтетін С.Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісі жалғастырады. Балалар мәтін оқушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның Халық әртісі Сергей Матвеевпен және дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігінде «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен бірге музыкалық аспаптар дыбыстарының әлеміне үңіледі, дыбыстардың әрқайсысы қызықты ертегінің әртүрлі кейіпкерлері – Петя мен оның Атасын, Қасқырды, Аңшыларды, Мысықты, Үйрек пен Кішкентай құсты таныстырады.