Таяуда Жетісу жыршылық мектебін жалғастырушы, фольклор жинаушы, ақын, жыршы Әбіш Әділбектің «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» атты кітабы мен «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары» аудио-дискісі жарық көрді.
Кітапқа Әбіш Әділбектің орындауында 24 жыр-терме топтастырылып, мақам-нотасы қоса берілген. Және мұнда бұрын жария болмаған, осыған дейін ешкім жырламаған, кейбіреулерінің атын айтуға тиым салынған ақын-жыраулардың тың туындылары енген.
Бұл кітап Сақ, Ғұн, Түрік Қағанаты дəуірі жəне Жоңғар шапқыншылығы мен Патшалы Ресей кезіндегі жыраулар сөзінен сыр шертеді. Ауыз əдебиеті күшті дамыған халқымызда Қазақ ұлтының тарихы жыраулар сөзімен жеткені ақиқат. Кітапта əңгіме болатын Томирис, Шырақ, Алып Ер Тоңға, Шу батыр, Аттила, Көк бөрі, Ергенекон, Күлтегін, Абылай хан, Қабанбай, Райымбек дастандары соның айғағы. Автор ұлттың рухын көтеру мен жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында өзі ізденіп жүріп мұрағаттан алған тарихи жыр-термелерді яғни VIII-ғасырдағы тасқа қашап жаздырған Иоллығ жыраудың Күлтегін батыр жыры, XIII-ғасырдағы Кетбұға, XVIII-ғасырдағы Саршуаш, Қабан, Сабдалы жыраулар, XIX-ғасырдағы Құлмамбет, Бақтыбай, Жүсіпбек қожа, Бөлтірік, Зарзаман Асан, Көдек, Шарғын сияқты жыр жампоздарының тың туындыларын топтастырған. Оларды өз мақамымен жырлап, нотасын қоса берген.
Кітап хрестоматиялық оқу құралы ретінде музыкалық жоғарғы жəне арнаулы орта оқу орындарына арналғанымен, ондағы қазақ тарихы, салт-дəстүр, ұлттық намыс, отбасы, білім-ғылым мен дінге қатысты жазған пікірлері қалың оқырман қауымға да берері көп тағлымды еңбек.
Міне, осынау құнды еңбек бүгінде Қазақстан кітапханаларына тарап жатыр.
Ел руханияты мен тарихи-мәдени мұрасына беріле қызмет етіп, жас ұрпақтың кәдесіне жарарлық бірегей құнды еңбек тудырған Әбіш Әділбек, соңғы айларда Жетісу өңірі мен Ақтау және Көкшетау облыстық кітапханаларында қызықты кітап таныстырылымдарын өткізіп қайтты.
Жыршы, ақын Әбіш Әділбек мұндай жарқын істерінің әлі де жалғасын табатындығына сенімді.
Айта кетейік, осыған дейін, жыршы Әбіш Әділбектің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлт рухы», «Ғасырлар үні» атты тарихи жыр-термелерден тұратын үнтаспалары жарық көрген болатын.