«Абай» операсы: М.Әуезовтің мерейтойына орай көрерменге тарту

«Абай» операсы: М.Әуезовтің мерейтойына орай көрерменге тарту

27-28 мамырда «Астана Опера» сахнасындағы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық операсының көрсетілімі ұлы классик, опера либреттосының авторы атанған Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар легін ашады.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы көп қырлы. Оның туындыларының ішінде ең үздігі «Абай жолы», сондай көркем шығармалар жазумен қатар, Мұхтар Әуезов ұлттық драматургияның дамуына зор үлес қосты: ол 20-дан астам әртүрлі пьесаларды дүниеге әкелді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың тұлғасына жоғары баға берумен қатар, романның маңыздылығын атап өтті: «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын».

Өшпес туынды «Абай» операсына либретто жазған жазушы әрі драматург қазақтың философ ақынының есімін классикалық музыкада да мәңгі есте қалдырды. Операның премьерасы 1944 жылы 24 желтоқсанда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен болатын.

«Астана Операда» «Абай» спектаклі Тәуелсіз Қазақстан тарихына заманауи көзқараспен үндестікте ұсынылды. Ол алғаш рет 2015 жылы 25 қыркүйекте орындалды. Содан бері шығарма сан мәрте елімізден тыс жерлерде де, оның ішінде опера отаны – Италияда Абайдың ана тілінде шырқалды.

Спектакльді жасауда интернационал шығармашылық топ еңбектенді: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев, қоюшы режиссер Джанкарло дель Монако, режиссердің кеңесшісі, Қазақстанның Халық артисі Есмұқан Обаев, бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Декорациялар мен костюмдер дайындауға қазіргі заманның үздік суретшілері шақырылды: Э.Фриджерио, Ф.Скуарчапино, С.Металли, В.Кели. Кәсіби топтың жақсы жұмысының нәтижесінде театр осы қойылым үшін ең жоғары марапат – Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

2018 жылы қаңтарда А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көпшілікке таныстырылды. Қойылымға келген композитордың қызы, академик, биология ғылымдарының докторы Ажар Ахметқызы Жұбанова спектакльді тамашалағаннан кейін:

«Мен операның барлық премьералық көрсетілімдерін қалт жібермеймін және дәл осы қойылым композиторлар мен либретто авторының түпкі ойына сәйкес келетінін айтуым керек», – деп атап өткен еді.

Асанәлі Әшімов пен Әлібек Дінішев те «Абай» операсына жоғары баға берген.

«Операның жаңаша түсіндірілуі, тамаша декорациялар мен костюмдер маған үлкен әсер берді. «Абай» операсының соңында өз елің, тарихың, әдебиетің, туған халқың үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді» деп атап өтті танымал қазақстандық опера әншісі Әлібек Дінішев.

27-28 мамырда «Астана Опера» сахнасына театрдың жетекші солистері шығады. Абай партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев пен Азамат Жылтыркөзов орындаса, Айдардың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш таныстырады, Ажар – Назым Сағынтай (партиядағы дебют) мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Әзім – Рамзат Балакишиев пен Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Талғат Ғалеев, Қарлығаш – Салтанат Мұратбекова, Көкбай – Ержан Саипов, Сырттан – Болат Есімханов пен Шыңғыс Расылхан, Нарымбет – Ерұлан Кәмел, Мес – Хайдар Мұстапин мен Нұрлыбек Қосбармақов. «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың және дирижер, халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді.  

«Абай» операсы әдемі музыкалық шығарманы, мінсіз хореографияны, қазақ халқының бай дәстүрлерін, тамаша режиссура мен қазақстандық әртістердің керемет орындауын өзіне біріктірді. Спектакль әлдеқашан «Астана Операның» төлбелгісіне айналған.