Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі мен солистері 26 мамырда «Ауылым – алтын бесігім» концертін ұсынады.
Өтетін орны: филармония концерт залы,басталуы 19.00.
Елордалық филармония ұжымы туған жерге арналған дәстүрлі мерекелік концерт өткізеді. Бағдарламаға халық, кәсіби халық музыкасы мен отандық композиторлардың, шығармалары енгізілген, олардың көпшілігі филармония артистері. Концертте Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Сүгірдің «Бозінген», Қайрақбайдың «Өрелі кер» күйлері орындалады.
Концерт бағдарламасында Қытайдан келген композитор Рахметтолла Хамитұлының «Ауылым алтын бесігім» шығармасы мен жақында өмірден өткен композитор Табыс Жақияұлының «Сағындым бауырымды», Әсет Бейсеуовтің «Ауылым», Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», Құралай Сатмұхамбетованың «Ауылға сапар» әндері бар. Сонымен қатар, Тоғжан Жахиннің «Қыстауағаш», Саида Қалықованың «Туған жерім», Ержан Тоқсабановтың «Қамыс самар серенадасы» сынды қазақстандық жас композиторлардың туындылары орындалады.
«Ауылым – алтын бесігім» кешіндегі туған жерге арналған әндер мен күйлер әр адамның кіндік қаны тамған жердің суретін сипаттайды. Концертке филармония солистері Арайлым Рақым, Алтынай Жорабаев, Гүлмира Сарина, Гүлзира Бөкейхан, Нұрай Танабаев, Естай Мұқашев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Перизат Тұрарова, Нұрбол Балапанов, Данияр Мұқан, Ерхат Нұрғалиев, Саида Қалықова, Сәулежан Тағзия және Жалғас Сұлтан қатысады.
Мерекелік кешті «Шалқыма» халық би ансамблі мен «Әлем» эстрадалық би ансамблінің артистері көркем биімен өрнектейді.
Филармония ұжымы әуезді де әсем әндер кеш қонақтарының туған өлкеге деген сағынышын басатынына сенімді. Туған жердің сұлулығын жырлайтын туындылар терең мағына мен мол өнегеге толы. Бұл музыкалық мұра – Қазақстанның мәдени өмірінің маңызды құрамдас бөлігі. Елдің осы әндерге деген сүйіспеншілігінің арқасында олар әлі күнге өте танымал болып отыр.
«Сарыарқа» ансамблінің ерекшелігі шығармаларды жеткізу мәнерін дөп табатын орындаушылық қабілетінің жоғарылығында. Қазақ музыкасына деген шынайы сүйіспеншілік, аспаптарды асқан шеберлікпен меңгергенінің арқасында «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі ұлттық мәдени мұраны сақтауға және кеңінен насихаттауға атсалысып жүр. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі - халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Тоғжан Жахин.
«Шалқыма» халық би ансамблінің алуан түрлі концерттік нөмірлері көркем мәнерлі және бояуға толы. Ансамбльдің орындаушылық мәдениетінің деңгейі жоғары. Ұжым ұлттық хореографиялық мектептің дәстүрлерін берік сақтайды, би және музыкалық материалдарды авторлық көзқарасымен жеткізеді, ал сахналық костюмдері ерекше әрі көркем. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет қайраткері Абдрасул Есекеев.
«Әлем» эстрадалық би ансамблі – 2016 жылы құрылған елордалық филармония құрамындағы ең жас ұжым. Ансамбль әртістері классикалық би мен модерннен бастап хип - хоп пен рок-н-ролл сынды алуан түрлі би стильдерін меңгерген. «Әлем» эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Лаура Мукаеваның шығармашылық қоржынында елуден астам түрлі сипаттағы билер, әлем халықтарының билері, қазақстандық композиторлардың (ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымовты қоса алғанда) музыкасына қойылған түрлі хореографиялық композициялар бар.