Бүгін, 12 сәуірде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК ұйымдастыруымен «І Сарайшық оқулары - 2022» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Конференцияның ашылу сәтінде Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Света Аманшиева сөз алып, ғылыми жиынның сәтті өтуіне лебізін білдірді. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен т.ғ.д., профессор Лесқали Бердіғожин «Қазақстандағы қуғын-сүргін және оның зерттеу мәселелері», т.ғ.к., профессор Шахман Нағымов «Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы Алтынордалық деректер», т.ғ.к., археолог Марат Касенов «Таскешу» керуен-сарайы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, т.ғ.к., Жасқайрат Ерназаров «К вопросу о применении метода археолого-этнографической аналогии в археологических исследованиях (на примере городища Сарайшык)», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Берік Байболов «Музей қорындағы жазба мұралары», Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері, магистр Думан Сарбаев «Становление и развитие Актюбинского губернского отдела народного образования (1920-е гг.)», Үш тілде оқылатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі, магистр (Атырау қаласы) Манет Утепкалиева «Тарих сабақтарында өлкетану материалдарын қолдану», «Сарайшық» музей-қорығының ғылыми қызметкері, магистр Амангелді Жұмабаев «Қасым ханның жерленген орнын іздеу және оның алғашқы нәтижелері» тақырыптарында тың баяндамалар жасады. Конференциясының секциялық отырысы т.ғ.д., профессор У.Т. Ахметованың жетекшілігімен өткізілді. Секциялық отырыста өлкетанушылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар баяндама жасады. Секция отырысы соңында қатысушыларға сертификат табысталды.
Конференциясы жұмысы аяқталған соң, музей-қорық қызметкерлері барлық қатысушыларды ортағасырлық Сарайшық қаласы орнына саяхатқа апарып, музей экспозициясымен таныстырды. Конференция қатысушылары өткізілген шараға оң баға беріп, өз пікірлерімен бөлісті.