Васпие Алиарованың «Қырымтатарларының ғажайып кесте өрнектері» атты жеке көрмесі өтеді

Васпие Алиарованың «Қырымтатарларының ғажайып кесте өрнектері» атты жеке көрмесі өтеді

30 наурызда сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында  Васпие Исмаилқызы Алиарованың «Қырымтатарларының ғажайып кесте өрнектері» атты жеке көрмесі өтеді.

Бұл – Васпие Исмаилқызы Алиарованың алғашқы көрмесі. Экспозицияға 50 шақты сәндік кесте заттары қойылған. Олардың арасында – тұмарлар, Құран кітабының тысқаптары, әйелдердің фес деп аталатын бас киімдері, клатчтар, әмияндар, сөмкелер және панолар бар.

Қырым татарларының кесте өнерінің тарихына көз сала отырып, біз өнердің осы түрінің көнелігі мен кең тарағаны туралы деректерді табамыз. Қырым татарларының кестелері XVII ғасырда белгілі болды. Ол сызықтар мен түстердің талғампаздығымен, техникалық тәсілдерінің күрделілігіменжәне алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Кестемен көптеген тұрмыстық заттар, бас киімдер, киімдер мен аяқ киімдер безендірілді. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап алтынмен зерлеп тігу ерекше маңызға ие болды. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының арқасында ұлттық кесте толығымен сақталды.

Ою-өрнек элементтері әлеуметтік маңызды ақпаратты жеткізе алатын тілдің рөлін атқарды. Қырым татарларының ұлттық ою-өрнегі Орьнек деп аталады, ол Қырым татарлары халқының мәдениетіндегі ең көне жетістіктердің бірі. 2021 жылғы 16 желтоқсанда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 16 сессиясында Қырым татарларының ою-өрнегі Орьнек адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Қырым татарлары кестесінің құдіреті Васпие Исмаилқызының шығармашылығына да әсер етпей қоймады. Оның барлық шығармаларынан фон мен кестенің ең әдемі реңктерінің үйлесім тапқанын көреміз. Оның жұмысы – ұлттық үлгілердің тікелей көшірмесі емес, ол ою-өрнекті мотивтерді еркін шығармашылық интерпретациямен бере білген және үйлесімді аяқталған композицияны құра алған. Міне, Васпие Исмаилқызының жұмыстарының ерекшелігі осында.

Васпие Исмаилқызы Алиарова 1951 жылы 17 қазанда Алматы облысы Шелек ауданының Октябрь ауылында дүниеге келді. 1976 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік универсиететін аяқтаған. Қырық жыл бойы мектепте география пәнінен сабақ берген Васпие Исмаилқызының шығармашылығы 2014 жылы басталды. Ол өзінің осы өнерге деген дағдысын жыл сайын Қырымға барып жүріп, халық шеберлері  Лили Каишевадан,  Халиде Кипчаковадан,  Венера Курмаевадан үйренді.

Өз халқының өнеріне деген қызығушылығы оның шағырмашылық қызметіне дейін көп бұрын пайда болған еді. Дәстүрлі киімдегі, тұрмыстық заттардағы ою-өрнектің таңғажайып сұлулығы бала санасында айқын із қалдырды. Қырымның алтынмен зерлеп тігетін шеберлерінің қажырлы, бірақ өте қызықты жұмысы оның қиялы мен осы сұлулықты өз бетімен жасауға деген ұмтылысын көрсетуге шығармашылық серпін берді.

Васпие Алиарованың сәндік панноларының композициясы негізінен симметриялық тізбекке тізілген гүлді және өсімдік өрнекті сәндік мотивтер. Ол объектілерді, көлемді, жарық-көлеңкені, тереңдік пен фактураны беруге тырысып, реңктерді мұқият таңдайды.

Васпие Алиарова сегіз жыл бойы түрлі іс-шараларға арналған топтық көрмелерге қатысқан. Мысалы, ол 2018 жылы Алматы қаласының музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Қырым татарларының көрмесіне» қатысты. Шығармашылық Васпие Исмаилқызының көңіліне жұбаныш, бойына шабыт пен қуаныш әкеледі. Болашақта ол басқа да дәстүрлі кесте техникаларын қолдана отырып, өнерін жалғастыруды жоспарлап отыр.