
Алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы "Алаш" партиясының негізін қалаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатовтың портреттерін бір мезгілде салып, жұртты таңқалдырды.
Бір сәтте үш қарындашпен үш портрет бұл - Қазақстан өнеріндегі ерекше жағдай.
27 жастағы өнер иесі төрт жасынан бастап сурет салған, көркемсурет мектебінде, Қазақ ұлттық өнер университетінің (ҚазҰӨУ) жанындағы колледжде, одан кейін Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бакалавриатын, кейін магистратурасын бітірген.
Әсел кенепте гиперреалистік портреттер салуға машықтанған. Оның айтуынша бір жұмыс үшін 1-2 ай тыңғылықты жұмыс қажет, тіпті картинаның эскизінің идеясы мен тұжырымдамасын бірнеше жыл бойы ойластыруы мүмкін.
"Алаш" партиясының негізін қалаушыларының бірлескен портретін салу идеясы бұрыннан келген, бірақ оны қалай іске асыратынын білмеген. Қысқа мерзімде саяси қайраткерлердің портреттерін бір мезгілде үш қарындашпен салып жатқандағы бейне-ролик Әселдің TikTok парақшасында миллион қаралым, Instagram парақшасында 48 мың рет қаралым жинап, әлеуметтік желі пайдаланушыларының мыңдаған пікірлеріне ие болды.
Осылайша, суретші ұлттық өнерді әлеуметтік желіде насихаттап, дәріптеуде. Ол тарихи тұлғалардың портреттерін классикалық кескіндемелік мәнерде жазу ғаламторда ауқымды қамтылмайтынын байқап, "Алаш" партиясы көшбасшыларының портреттерін салуда, қандай стиль таңдау керектігін ойластырады.
"Неге оларды бір уақытта бірден салмасқа, деп ойладым. Суретші ретінде өзіндік ерекшелігі бар, төлтума жасағым келді", - дейді ол.