Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті Павлодар қаласында «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» атты республикалық байқауын өткізді.
Байқаудың негізгі мақсаты – жергілікті атқарушы органдардағы ономастика саласымен айналысатын бөлімдердің жұмысын күшейту, сала мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіру және дамытуға ынталандыру. Келер ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, еліміздің топонимикасына құрметпен қарауын дәріптеу.
Байқауға жергілікті атқарушы органдардағы сала мамандарынан құралған барлығы 11 команда қатысты. Олар Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен, қатысушы командалар өздерін таныстырды. Келесі «Атаулар – сыр шертеді» кезеңінде әр өңір өздерінің 2020-2021 жылдар аралығындағы жұмыстарымен кеңірек таныстырса, «Жер-судың аты – тарихтың хаты» атты кезеңде команда капитандары лэд-экраннан еліміздегі танымал жерлердің суреттеріне қарап, олардың қайда орналасқанын, сипаттамасын анықтайды. Сондай-ақ командалар арасында «Ономастика» атты топтық сайыс өткізілді.
Конкурс нәтижесі бойынша ынталандыру сыйлықтарын Ақтөбе облысының «Көкжар» және Атырау облысының «Сарайшық» командалары, ІІІ орынды Шығыс Қазақстан облысының «Алаш» және Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» командалары, ІІ орынды Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» және Қарағанды облысының «Сарыарқа» командалары, І орынды Павлодар облысының «Найзатас» командасы алса, Бас жүлдені Алматы облысының «Жетісу» командасы иеленді. Жеңімпаздарға арнайы Диплом мен ақшалай сертификат табысталды.
Сонымен қатар барлық қатысушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының алғыс хаттары табысталды.