Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы облысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты.
Әуелі Қырымбек Көшербаев пен Ақтоты Райымқұлова іс-сапарды ақынның туған жері Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың мұражайына барудан бастады. Үкімет мүшелері мұражайда біртуар ақынның жеке өмірінен және шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар экскурсияға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Парламент Сенатының Депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Осыдан кейін Қырымбек Көшербаев, Ақтоты Райымқұлова мен зиялы қауым өкілдері Нарынқол ауылында Мұқағали Мақатаев ескерткішінің салтантты ашылу рәсіміне қатысып, гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар Жаңалық ауылында Ақтоты Райымбекова Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде болып, оның реконструкциялау жобасымен танысып, музей қызметкерлерімен және «Әділет» қоғамының белсенділерімен кездесті. Басқосу барысында музей ісін жүргізу мен мұрағаттар бойынша мазмұнды талқылау өтіп, «Мұрағат 2025» бағдарламаларын жүзеге асыру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссия жұмысы бойынша бірқатар тапсырма берілді.