«Сарыарқа» велотрегін жедел басқаруға беру мәселесі бойынша ресми пікір

«Сарыарқа» велотрегін жедел басқаруға беру мәселесі бойынша ресми пікір

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) «Сарыарқа» велотрегін жедел басқаруға беру мәселесі бойынша келесіні мәлімдейді.
        2021 жылы ақпан айында «Қазақстандық велосипед спорты федерациясы» ҚБ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес Министрлікке «Сарыарқа» республикалық велотрегі негізінде UCI халықаралық спутниктік орталығын құру және балалар спортын дамыту орталығын ашу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі - МЖӘ) жобасын жолдады.

МЖӘ қағидаттарының бірі теңгерімділік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдер мен кірістерді өзара тиімді бөлу.

     Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі м.а. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығына сәйкес «Қазақстандық велосипед спорты федерациясы» ҚБ жобалық құжаттамаға сараптама жүргізу және МЖӘ келісім шарттарын талқылау бойынша тікелей келіссөздердің қатысушысы деп танылды.           

Қазіргі таңда тікелей келіссөздер процесі жүріп жатыр, сонымен қатар жеке серіктеске талаптар қойылады және есептеулер талданады.

МЖӘ механизмі шеңберінде объектіні жеке меншікке иеліктен шығару құқығынсыз тек ғимаратты жедел басқаруға ғана беріледі. Ал барлық спорттық компоненттер, олардың ішінде 17 жазғы олимпиадалық спорт түрінен спортшылар дайындықты жүзеге асыратын, Олимпиадалық даярлау орталығы бұрынғыдай Министрліктің қарауында қалады.
             Жобаны жүзеге асыру барысында Олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары аталған объектіге кедергісіз кіре алатындығын атап өткен жөн, ол өз кезегінде олимпиадалық резервтің дайындалуына кері әсерін тигізбейді.
Жоба «Сарыарқа» республикалық велотрегі негізінде UCI халықаралық спутниктік орталығын құру және балалар спортын дамыту орталығын ашады.
             Жеке  серіктес  UCI халықаралық спутниктік орталығын құру бойынша және спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар құрамын дайындау және біліктіліктерін арттыру бойынша халықаралық аккредиттеуді алу және  балаларға арналған халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізумен бірге балалар спортын дамыту орталығын құру бойынша қызмет көрсететін болады.
 
Сонымен қатар, әлеуметтік бағытталған  аталған МЖӘ жобасы аясында  аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, мүгедек және жетім балалар үшін тегін секциялар қарастырылған.

Паравелоспорттың дамуына ерекше көңіл бөлінетін болады. Осылайша Қазақстандық велосипед спорты федерациясы Ұлттық параолимпиадалық комитетінің тануына ие болып, аталмыш бағытты Қазақстанда қосымша дамытатын болады.

Жеке серіктес мақсатына сәйкес жоба шеңберінде қазақстанның спортшыларынан ғана құрылған «Nur-Sultan Cycling Team» тректегі велосипед командасына қолдау көрсетілетін болады. Балалар спортын дамыту орталығымен қоса , тректен ұлттық велокоманданың болуы жас ұрпақтың велосипед спортына қызуғышылығын арттыра отырып, балалар үшін қолайлы ортаны құрайтын болады.
             МЖӘ келісім шарттарының мерзімі аяқталғаннан кейін, жеке серіктес, МЖӘ туралы келісім шарттарына сәйкес, объектіні мемлекеттік серіктеске тиісті техникалық жағдайда қайтаруға міндетті болады.
Спорт саласында МЖӘ спорттық инфрақұрылымды жаңарту және жақсарту үшін, жеке серіктестерден инвестицияларды тартуға бағытталғанын ескеру қажет. Спорттық объектілерді жеке құрылымдарға беру  бойынша жобалар да аталған мақсатты көздейді.

Жобаны жүзеге асыру барысында «Сарыарқа» республикалық велотрегі елорда аясындағы спорттық хабқа әрі бұқаралық спорт орталығына айналатын болады.