«Жаңғырық» фильмінің түсірілімін Асқар-Мұхит Нарымбетов аяқтайды

«Жаңғырық» фильмінің түсірілімін Асқар-Мұхит Нарымбетов аяқтайды

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың тапсырмасымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев ресми сапармен келді. Нұр-Сұлтан қаласынан келген делегация 8 шілдеде қайтыс болған режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Жаңғырық» фильміне қатысты бірқатар мәселені талқылау үшін киногерлермен кездесті. Басқосудың мақсаты – «Жаңғырық» фильмінің түсірілімін аяқтайтын қоюшы-режиссерді бекіту бойынша шешім қабылдау.

Жұздесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинодраматург, «Жаңғырық» фильмінің тең сценарий авторы Нұрлан Санжар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Қалымбетов, режиссер Томаш Тот, Сатыбалды Нарымбетовтың ұлы Асқар-Мұхит Нарымбетов, «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы және т.б. киногерлер қатысты. Талқыланатын мәселе бойынша ой қосу үшін КСРО Халық әртісі, ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов және «Жаңғырық» фильмінің қоюшы-операторы, режиссердің кіші ұлы Ескендір Нарымбетов ZOOM платформасы арқылы кездесуге қосылды.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кездесудің барлық қатысушысына алғысын білдіріп, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың өлімі бүкіл қазақ мәдениеті үшін орны толмас қаза екенін атап өтті. 

«Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Жаңғырық» фильмін марқұм Сатыбалды Нарымбетовтың ұлы - Асқар-Мұхит Нарымбетов түсірсін деген еліміздің киногерлері мен Сатыбалды ағамыздың отбасының ұсыныс-тілектерін қолдағанын жақсы білесіздер. Осыған байланысты біз бүгін ел ағаларымызбен бірге түпкілікті шешім қабылдау үшін жиналып отырмыз, өйткені Сатыбалды Нарымбетовтың мұрасы аяқталуға тиіс», - деді вице-министр.

«Мен бүгін осы маңызды мәселені талқылауға жиналғанымызға өте қуаныштымын. Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдары әрдайым әкесімен бірге болған және жобаның барлық егжей-тегжейін жақсы біледі. Барлық материалды біледі. Сондықтан мен Асқар-Мұхиттың режиссер болғанын қолдаймын», - деп айтты Асанәлі Әшімов.

«Сатыбалды өмір бойы ұлдарына кино өнеріне деген сүйіспеншілікті сіңіріп, әбден дайындады. Біреуін оператор, екіншісін режиссер қылып тәрбиеледі. Олар Нарымбетовтың балалары ғана емес, оның шәкірттері де, сондықтан да ұлдары әкесінің бастаған ісін лайықты аяқтайтынына сенімдімін», - деді Смағұл Елубаев.

Zoom арқылы сөз сөйлеген Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов министр Ақтоты Райымқұлованың қоюшы-режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовті тағайындау жайлы ұсынысын қолдайтынын айтып, фильмнің лайықты болатынына сенім білдірді.

«Біз сценарийді төрт жылда жаздық, ол толығымен дайын. Менің ойымша, Асқар-Мұхит жобаны аяқтауы тиіс, ал егер қажет болса, біз бәріміз көмектесуге дайынбыз», -деді тең сценарий авторы Нұрлан Санжар.

«Айтылған жылы лебіздеріңіз үшін алғыс айтамын. Біз фильмнің шығармашылық ұжымымен келіссөздер жүргіздік, олар жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін хабарлады. Сондай-ақ, біз бүгін кездесуге қатысып отырған режиссер Томаштың жобада жұмыс істегенін қалаймыз, өйткені ол жобаның бастауында тұрды, әкемізбен етене араласты», - деді қоюшы-оператор Ескендір Нарымбетов.

Кездесу нәтижесінде Асқар-Мұхит Нарымбетовтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Сатыбалды Нарымбетовтың ұлы Асқар-Мұхит жиналған қауымға сенімі үшін алғысын білдіріп, қазіргі уақытта ол барлық материалды зерттеп жатқанын және 26 шілдеге қарай киностудия басшылығына түсірілімді аяқтау үшін өз ұсынысын жолдайтынын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың поляк жазушысы, айдауға кеткен революционер және даланың этнографиялық құндылықтарды жинаушы Адольф Янушкевичтің тағдыры туралы баяндайтын «Жаңғырық» фильмі 2019 жылы ақпанның басында өндіріске жіберілген болатын.

Картинаның жалпы бюджеті 640 000 000 теңге. Оның ішінде 2019 жылы түсірілім тобы дайындық алдындағы және ішінара дайындық кезеңдері шеңберінде 240 926 000 теңгені игерді. 2019 жылы 29 қарашадан бастап аталған киножоба киностудияның сол кездегі басшылығының бұйрығымен консервацияға қойылды.

Былтыр наурызда Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясы арасында шарт жасалды. Оның шеңберінде «Жаңғырық» фильмін шығаруды жалғастыруға қалған соманың 30% - ы (399 074 000 теңге) – 119 722 200 тг бөлінді. Алайда коронавирус пандемиясы және елде жарияланған карантинге байланысты түсірілім процесінде өзгерістер енгізілді. Картинаның түсірілімі авторлардың ойы бойынша тек Қазақстанда ғана емес, Венгрияда да өтуі керек болған. Өкінішке қарай, сол кезде бүкіл әлемде қалыптасқан өте қауіпті жағдайға байланысты бұл мүмкін болмады.

Сонымен қатар, Адольф Янушкевичтің рөліне актер, Польша Республикасының азаматы Петр Полак бекітілгенін айта кекен жөн. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі шаралардан туындаған күрделі жағдайға байланысты шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында болуы белгілі бір қиындықтар туғызды (қазақстандық жұмыс визасын алудағы қиындықтар, тікелей көлік қатынасының болмауы және т.б).

20.08.2020 жылғы №1 қосымша келісім негізінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ арасындағы 03.03.2020 жылғы №32 шарт бұзылды. Аванс толығымен мемлекеттік бюджетке қайтарылды.

Биыл «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Мәдениет және спорт министрлігіне 399 074 000 теңге көлемінде толықметражды көркем фильмді аяқтауға қосымша өтінім берді. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, бұрын қайтарылған қаражатты алу үшін тиісті рәсімдерді, оның ішінде республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауын жүргізу қажет. Осыған байланысты, «Жаңғырық» кинокартинасын қаржыландыру мәселесі 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде сәуір айында республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылды және қолдау тапты.