Нұрғиса Дәуешов - Еліміздің жас өнерпаздарына қолдау көрсету Министрліктің басты міндетінің бірі

Нұрғиса Дәуешов - Еліміздің жас өнерпаздарына қолдау көрсету Министрліктің басты міндетінің бірі

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Витебскіде өткен ХХХ «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің эстрада орындаушылары арасындағы байқауында отандасымыз, Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Рухия Байдүкенованың Гран-при жеңіп алуына орай баспасөз жиыны өтті.

Спикерлер: Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаева, «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері Рухия Байдүкенова, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің  еліміздегі ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова, «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.

«Бүгін жиналған себебіміз Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Рухия Байдукенованың Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен XXX «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында «Витебск-2021» эстрадалық ән орындаушылардың халықаралық конкурсының жеңімпазы атануымен тығыз байланысты. Сонымен қатар осы фестиваль аясында «Витебск-2021» XIX Халықаралық музыкалық балалар конкурсында 10 жастағы әнші Амина Асгатова өнер көрсетті. «Славян базары» бүгінде халықаралық деңгейде жақсы танылған жобаның бірі. Біздің өнерпаздар үшін бұл мол тәжірибе жинайтын алаң.  2015 жылы Димаш Құдайберген, 2019 жылы - Әділхан Макин мен Луиза Нуркуатова (балалар конкурсы), ал осы жылы – Рухия басты жүлдеге қол жеткізді. Ал 2016 жылы Даурен Оразбеков (ADAM) 1 орын алған еді. Биылғы конкурста біздің әлемге танымал әншіміз Димаш Құдайберген қазылар алқасының мүшесі болды»,-деп айтты.

Нұрғиса Дәуешов еліміздің жас өнерпаздарына қолдау, көмек көрсету Министрліктің басты міндетінің бірі екенін атап өтті. Вице-министр осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс жайын айтып өтті.

«Мысалы, 2015 жылы Димаш Құдайберген «Витебск-2015» эстрадалық ән орындаушылардың халықаралық конкурсына қатысты. Ал 2019 жылдың қарашасында Нью-Йоркте Димаш Құдайбергеннің Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясында шығармашылық концерті өтті. Сондай-ақ, 2019 жылдың маусымында Ержан Максимнің жеке концерті ұйымдастырылды. Сонымен қатар 2018 жылдың 11 шілдесінде «Витебскідегі Славян базары-2018» халықаралық өнер фестивалі аясында «Витебск» концерт залында Қазақстанның Халық әртістері Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жәмиля Серкебаева, Маржан Арапбаева, Ерлан Көкеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Әлішер Кәрімов, Адам, Мөлдір Әуелбекова, Ақмаржан Көшербаева, Луиза Нұрқуатова, Ержан Максим, сондай-ақ, «Ринго», «Назар» вокалды тобы, «Шалқыма», Artist би ансамблінің қатысуымен Қазақстанның Мәдениет күндері өткізілді.

Былтыр 29 қарашада онлайн форматта Junior Eurovision - 2020 Халықаралық балалар ән конкурсы Варшава қаласында өтті. Көрермендердің және қазылар алқасының дауыс беру нәтижесінде «Бала дауысы-2018» Республикалық балалар конкурсының финалисі, «Бақытты бала-2019» вокалды балалар фестивалінің 3-орын иегері Қарақат Башанова халықаралық байқаудың 2-орын иегері атанды.

Қазір «Бастау» дуэтінің Анталия қаласында (шілде, Түркия) өтетін NEED FOR FEST халықаралық фестиваліне қатысуы бойынша жұмыс жүргізілуде. Екі талантты домбырашы Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз биыл Ұлыбританияда өткен Golden Time Talent халықаралық фестивалінде бірінші орынға ие болған еді. Сондай-ақ, республикалық бюджет қаражаты есебінен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының солисі Ернар Сәдірбаевты тамызда Мәскеу қаласында өтетін «Голос» вокалдық тележобасына қатысуы бойынша жұмыс жүргізілуде»,-деді.

«Хабар агенттігі «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің ақпараттық серіктесі ретінде елімізде трансляциялау құқығына ие. Біздің көрермендер «Хабар» телеарнасының дәстүрлі түрде мәдениет пен өнер саласындағы жас таланттарды қолдап, дәріптеп жүргеніне үйреніп қалған. Фестивальдің әр күні эфирде фестиваль алаңынан қызықты жаңалықтармен, оқиғалармен, шығармашылық байқаудың нәтижелерімен бөлістік. Осылайша біз жас таланттар мен өнердегі жаңашылдықты қолдауға шақырып келеміз.

«Славян базары» көрермендер арасында қызығушылық тудырады. Себебі дәл осы байқаудан бір кездері отандық эстрада жұлдыздары өнер жолын бастады. Біз осы фестивальге қатысқан барлық отандасымыздың жетістігін мақтан тұтамыз және алда әлі де көптеген жарқын жеңістің болатынына сенеміз»,-деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.

«Осыған дейін «Славян базарында» Димаш Құдайберген мен Әділхан Макиннің сәтті өнер көрсеткенін білеміз. Биыл Рухия Байдүкенова да осы қатарға қосылды. Мен атап өткен жеңімпаздарымыздың әрқайсысы өте дарынды, қазақтың тамаша әншілік өнері дәсүрін жаңа ғасырдың талаптарына сай жалғастырып жатыр. Рухияның бала кезден түрлі байқауларға қатысып келе жатқанын білеміз. Ал осы Витебскдегі халықаралық байқаудың жеңімпазы атанғаны елеулі жетістік. Біз университет түлектерін мақтан тұтамыз, алдағы уақытта әлемдік сахналардың төрінен көрінуіне тілектеспіз»,-деді Айман Мұсақожаева.