
Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Парижде Қазақстан киносы күндері басталды. 17-19 қыркүйек аралығында француз көрерменіне отандық киноның классикалық туындылары мен заманауи фильмдер ұсынылады.
Кино күндері көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмімен басталды. Режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай туындының 4K форматында реставрациядан өткен нұсқасы көрсетілді.
Заманауи қазақстандық кино «Qaitadan» және «Игроманка» фильмдерімен таныстырылады. Екі туынды да мемлекеттік қолдаумен түсірілген.
Француз көрермені Қазақстан киносы күндері аясында отандық кинематографияның әр жылдары түсірілген туындыларын тамашалайды. Бағдарламада қазақ киносының классикалық туындыларымен қатар, жаңа буын авторларының кейінгі жылдардағы жұмыстары да қамтылған.
Сондай-ақ бағдарлама аясында қазақстандық кинематографистер француз көрерменімен шығармашылық кездесулер өткізіп, екі елдің кино саласындағы кәсіби байланыстары мен мәдени диалогты дамыту жайын талқылайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі