Алматыдағы Көктөбеде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 80 жылдығы мен Қала күніне орай мерекелік спектакль-концерт өтті.
Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған кешке театр әртістері мен қазақстандық өнерпаздар қатысты. Мерекелік бағдарламада ұжымның шығармашылық тарихы мен бүгінгі тынысы кеңінен көрініс тапты.
Көпшілік алдында Қазақстанның халық әртістері Лидия Кәден мен Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева, актер әрі әнші Мақсат Рахмет, Steppe Sons, «Заман» топтары және Шұғыла Ешен өнер көрсетті.
Кеште театрдың танымал қойылымдарынан музыкалық нөмірлер орындалып, ұжым тарихындағы айтулы кезеңдер қамтылды.
Спектакль-концерт театрдың 80 жылдығына арналған мерейтойлық бағдарламаны қорытындылады. Осы күні Ғабит Мүсіреповке арналған еске алу шаралары өтіп, қазақстандық және шетелдік театр өнері өкілдерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Мерекелік кешке Алматы тұрғындары мен қала қонақтары жиналып, театр ұжымымен бірге 80 жылдық мерейтойды атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі