Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 80 жылдығына орай «80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Башқұртстанның театр өнерінің өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев театр ұжымына 80 жылдық мерейтойына орай арнайы құттықтау хат жолдады. Құттықтау хатты ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов оқып берді.
«Сексен жыл ішінде театр қазақ сахна өнерінің көркемдік өрісін кеңейтіп, бірнеше буын көрерменнің рухани дүниесін байытқан, ұлттық драматургиямыздың үздік туындыларын ұлықтаған іргелі өнер ордасына айналды. Өнер ордасының шығармашылық ұстанымы әрдайым биік талғаммен, уақыт тынысын сезінген батыл ізденіспен ұштасып келеді. Ұжымға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс пен жаңа жетістіктер, сарқылмас көрермен ықыласын тілеймін», – делінген құттықтауда.
Конференцияда театрдың тарихы мен бүгінгі даму бағыты, репертуар қалыптастыру, актерлік шеберлік, режиссура, балалар мен жасөспірімдер театрының қазіргі үрдістері тақырыптары талқыланды. Сонымен қатар классикалық шығармаларды жаңаша пайымдау, сахна өнеріндегі жаңа ізденістер және жас көрерменге арналған қойылымдардағы ұлттық сана мәселелері қозғалды.
Жиында театрдың қалыптасуы мен шығармашылық дәстүрінің жалғасуына бірнеше буын актерлері мен режиссерлерінің қосқан үлесі де айрықша аталып өтті. Театр өнерінің дамуына еңбек сіңірген Райымбек Сейтметовтің шығармашылық мұрасы мен қалыптасқан өнер мектебінің сабақтастығы ерекше аталды.
Мерейтойлық іс-шаралар Көктөбеде театр әртістері мен елімізге танымал өнерпаздардың қатысуымен өтетін спектакль-концертпен жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі