Ғабит Мүсірепов театры 81-ші маусымын жаңа қойылымдармен ашты

Ғабит Мүсірепов театры 81-ші маусымын жаңа қойылымдармен ашты

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 81-ші театр маусымын ашты. Жаңа маусымда көрерменге премьералар, театрдың 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар, халықаралық және республикалық фестивальдер ұсынылады.

Маусымның алғашқы күндері Астрид Линдгрен шығармасының желісі негізіндегі «Карлсонның қайта оралуы» және жаңа «Ақбілек. Түс» қойылымдары сахналады.

12 қыркүйекте Жанат Хаджиев атындағы эксперименталды сахнада «Көкірек көзі оянғандай» драмасының премьерасы өтеді.

Театрдың 80 жылдық мерейтойына орай да бірқатар іс-шара жоспарланған. 17 қыркүйекте Алматыда отандық және шетелдік театр сыншыларының қатысуымен «80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Сол күні Көктөбеде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік кеш ұйымдастырылады.

Жаңа маусымда театр ұжымы халықаралық және республикалық фестивальдерге де қатысады. Албанияда өтетін XX халықаралық «Бутринттегі ғажайып түндер» театр фестивалінде ұжым «Бернарда Альбаның үйі» спектаклін сахналайды. Ал Ресейдегі Халықаралық Тынық мұхиты театр фестиваліне «Қарагөз» қойылымымен қатысады.

Сонымен қатар «Ұлпан» спектаклі Астанадағы «ТЕАТР ALL» халықаралық театр фестивалі мен Қарағандыда өтетін «Сын – шын болсын» республикалық фестивалінің бағдарламасына енді.

Жыл соңына дейін театр «Алдар Көсе» және «Ромео мен Джульетта» қойылымдарын сахналауды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылы «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және «Ғасырдан да ұзақ күн» спектакльдері көрерменге ұсынылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі