Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтеді

Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтеді

27 тамыз күні сағат 18:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты классикалық музыка кеші өтеді.

Бір сахнада халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Ерасыл Хамит (Вена, Австрия) және дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін Almaty Festival Orchestra өнер көрсетеді.

Кеш бағдарламасына әлемдік музыка классикасының көрнекті туындылары – Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген.

Ерасыл Хамит – беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Ол 2025 жылы Испанияда өткен CullerArts халықаралық скрипкашылар байқауында I орынды иеленді. 2025 жылдың қаңтарында музыкант Римдегі Палаццо делла Канчеллерия сарайында Рим Папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынды.

Скрипкашы әлемнің әйгілі концерт залдарында өнер көрсеткен. Олардың қатарында Венадағы Музикферайнның Алтын залы, Вена Концертхаусы, Зальцбург Фестшпильхаусы, Токиодағы Сантори-холл, Санкт-Петербург филармониясының Үлкен залы және Мәскеудегі П.И. Чайковский атындағы концерт залы бар.

Қазіргі уақытта Ерасыл Хамит Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде (mdw) шеберлігін шыңдап жүр. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап Вена радиосы симфониялық оркестрінің (RSO Wien) құрамында өнер көрсетеді.

Алдағы концертте қазақстандық музыканттардың жаңа буыны әлемдік академиялық музыка өнерінің таңдаулы туындыларын көпшілік назарына ұсынады.

Кіру тегін.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі