
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы мәдениет саласындағы қорытындысы қаралды.
Маңғыстау облысының Батыр ауылында 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді. Бес тарихи-мәдени ескерткіште ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Алматы облысында төрт мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Күрделі жөндеуден кейін Бөлек ауылындағы Мәдениет үйі қайта ашылып, үш ауыл кітапханасы жаңғыртылды. Демеушілердің қолдауымен Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар 50 ескерткішке олардың тарихы мен ерекшелігі туралы мәлімет беретін QR-кодтар орнатылды.
Жамбыл облысында мәдениет нысандарын салу және жаңғырту бағытындағы сегіз жоба іске асырылып жатыр. Оның бесеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Облыстық театрлардың репертуары алты жаңа қойылыммен толықты. Aulieata Library қосымшасына жергілікті 133 автордың 347 кітабының электрондық нұсқасы жүктеліп, музей қорындағы 13 мыңнан астам жәдігер цифрлық форматқа көшірілді.
Солтүстік Қазақстан облысында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. Мәдениет саласының мамандарын даярлау мақсатында тоғыз білім беру бағдарламасы бойынша 100 білім гранты бөлінді. Qyzyljar Creative Center шығармашылық орталығында 95 резидент жұмыс істейді, ал облыстың он ауданында креативті IT-орталықтар ашылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «академиялық» мәртебе беру жөнінде шешім қабылдады.
Атырау облысында 13 мәдениет үйінің құрылысы жалғасып жатыр. Сала қызметкерлеріне 61 қызметтік пәтер берілді. 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынып жатыр. Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан Бейбітшілік және келісім сарайында өңірдегі алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананы ашу жоспарланған.
Өңірлердің халықаралық киноөндіріс орталығына айналу бағытындағы жұмыстары да атап өтілді. Алматы және Маңғыстау облыстарында Джеки Чанның қатысуымен «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмі түсіріліп жатыр. Жоба Қазақстанның көрікті орындарын халықаралық деңгейде танытуға, кинотуризмді дамытуға және шетелдік киножобаларды тартуға ықпал етеді.
Жиында мәдениет саласының мамандарын даярлау, қорларды цифрландыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және креативті индустрияларды дамыту мәселелері де талқыланды.
Жылдың екінші жартысында Shubat Fest, «Каспий – достық теңізі» фестивалі, Орталық Азия елдері театрларының халықаралық фестивалі, Кембриджде өтетін «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі, сондай-ақ Жамбыл Жабаев, Абдолла Қарсақбаев, Ермек Серкебаев және Рахымжан Отарбаевтың мерейтойларына арналған жобалар жоспарланған.
Жиын қорытындысында өңірлерге Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметі және Мәдениет және ақпарат министрлігі берген тапсырмалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, жоспарланған жобаларды мерзімінде аяқтау және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Тапсырмалардың орындалу барысы Мәдениет комитетінің бақылауында болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі