
Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі Иорданияда өткен 40-шы халықаралық Жараш мәдениет және өнер фестиваліне қатысты.
Шығармашылық ұжымның концерті Hippodrome Theatre сахнасында өтті. Бұл алаңда жыл сайын әлемнің әр елінен келген орындаушылар өз өнерін паш етеді.
Концерт басталар алдында Қазақстанның Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Шалданбай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Құттықтауда Жараш фестивалінің халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға және достықты нығайтуға ықпал ететін беделді халықаралық алаң екені атап өтілді. Өнердің ұлт пен ұлысты жақындастыратын, елдердің бай тарихын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын әлем жұртшылығына кеңінен танытатын, мәдениеттер арасын жалғайтын ортақ тіл екені айтылды.
Концертте Ұлы даланың бай мәдени мұрасын танытатын ұлттық би ұсынылып, ән-күй шырқалды.
«Арқа сазы» мен «Аққу» ансамбльдерінің фестивальге қатысуы Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға, шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Иордания арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Фестиваль барысында қатысушылар мен қонақтарға арнайы тілек те жеткізілді.
1981 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Жараш мәдениет және өнер фестивалі ежелгі Жараш қаласының аумағында ұйымдастырылады. Араб елдері мен әлемнің өзге мемлекеттерінен келген өнер ұжымдары бас қосатын фестиваль – Таяу Шығыстағы ең ірі мәдени іс-шаралардың бірі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі