
«Астана Балет» театр маусымын Атырау, Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы гастрольмен аяқтады. Ұжым көпшілікке ұлттық хореография туындыларын, еліміздің және шетел композиторларының шығармаларын, сондай-ақ әлемдік операның үздік үлгілерін ұсынды.
Гастроль Атырау қаласында басталып, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында өтті. Көрермен «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын екі мәрте тамашалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған ұлттық дивертисментте қазақ биінің көркемдігі, этнографиялық нақыш пен заманауи хореография шебер ұштасқан.
Жаңаөзенде театрдың симфониялық оркестрі опера солистерімен бірге қала тұрғындарына концерт бағдарламасын ұйымдастырды. Концертке әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар жандар да қатысты.
Өнер сапары Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде аяқталды. Бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен симфониялық оркестр отандық және шетелдік композиторлардың таңдаулы шығармаларын орындады.
Концертте халықаралық байқаулардың лауреаттары Әділ Сұлтан, Фируза Рахметова және Талғат Аллабиринов өнер көрсетті. Өнерпаздар әлемдік опера классикасынан ария мен ән айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі