Алматыда «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрме ашылады

Алматыда «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрме ашылады

2 сәуір күні сағат 15:00-де Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ұйымдастырған «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрменің ашылу рәсімі өтеді.

Көрме – «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Экспозиция Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді. Жобаның басты ұстанымы – аутенттілікті сақтау және түпнұсқаны қорғау.

Арт-объектіде ежелгі петроглифтер «бабалар коды» ретінде ұсынылады. Бұл – көне дүниетаным мен мифологияны, табиғат пен ғарыш туралы білімді жеткізетін ерекше символдық тіл. Иммерсивті мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістіктің ерекше атмосферасын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, келушілерге көрме каталогы мен петроглифтер негізінде әзірленген авторлық сувенирлік өнімдер ұсынылады.

Көрменің ашылуына Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның өңірлік өкілдері, жартас өнерін зерттейтін шетелдік жетекші мамандар, Бүкіләлемдік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, музей саласының мамандары, жалпы орта және жоғары білім беру ұйымдары мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысады деп күтілуде.

Көрме «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі