«Астана Балет» театрында «Bolero X» қойылымының премьерасы өтті

«Астана Балет» театрында «Bolero X» қойылымының премьерасы өтті

«Астана Балет» театрының сахнасында израильдік хореограф Шахар Беньяминидің қоюымен «Bolero X» заманауи балетінің премьерасы өтті. Қойылым көрермендерге Морис Равельдің әйгілі партитурасының жаңа пластикалық интерпретациясын ұсынып, театр маусымының елеулі мәдени оқиғаларының біріне айналды.

Хореографиялық шешім музыкалық туындыны бишілердің үздіксіз қозғалысы, қайталанатын пластикалық өрнектер мен қуатты топтық энергия арқылы жаңаша сөйлетеді. Спектакльдің негізгі бөлігін шамамен 50 бишіден тұратын ансамбль құрайды. Біртұтас сахналық қозғалыс арқылы қойылым ұжымдық тұтастық идеясын, жеке тұлға мен ортақ кеңістіктің өзара байланысын терең бейнелейді.

Спектакль атауы да ерекше символикалық мәнге ие. Қойылым атауындағы «X» әрпі көбею белгісі әрі қиылысу нүктесінің символы ретінде өткен мен бүгінді, даралық пен көпшілікті, музыка мен қозғалысты тоғыстырады. Осылайша, «Bolero X» классикалық музыка мұрасы мен заманауи бидің өзара үйлесімді диалог кеңістігіне айналды.

Премьера «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, Арман Оразғалиевтің дирижерлығымен қойылды. Сондай-ақ, көрсетілім аясында көрермендерге театр репертуарының көркемдік аясын кеңейткен «Орфей мен Эвридика» балеті ұсынылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі