«Қазақконцертте» «Ән атасы – Әміре» атты музыкалық кеш өтті

«Қазақконцертте» «Ән атасы – Әміре» атты музыкалық кеш өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Ән атасы – Әміре» атты музыкалық кеш өтті. Іс-шара қазақ өнерін әлемдік сахнаға алғаш танытқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың тарихи өнер көрсетуіне 100 жыл толуына арналды.

Музыкалық кеш барысында көрермендер Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен театрландырылған көріністерді тамашалап, халық әндері мен ұлы әншінің мұрасын заманауи музыкалық өңдеуде тыңдады.

«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері дәстүрлі және заманауи сахна өнерін ұштастырған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Атап айтқанда, кеште «Әміреге арнау», «Балқадиша», «Дударай», «Айнамкөз», «Мақпал», халық әндері мен күйлер орындалды.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі