Ұйғыр театрында «Сенің қара көздерің» музыкалық комедиясының премьерасы өтті

Ұйғыр театрында «Сенің қара көздерің» музыкалық комедиясының премьерасы өтті

Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедиясы театрында «Сенің қара көздерің» атты музыкалық комедияның премьерасы өтті.

Қойылым комедия элементтерін, халықтық музыка мен би өнерін үйлестірген музыкалық-драмалық спектакль ретінде ұсынылды. Спектакльдің негізгі желісі өмірге құштар ауыл жігіті Сейіт пен консерваторияға оқуға түсу арманымен Алматы қаласына келген сүйіктісі Меһридің көңілді әрі шытырманға толы оқиғаларына құрылған. Үлкен қалада Меһриді жаңа таныстар мен күтпеген ғашықтар қоршап, әрқайсысы оның ықыласына ие болуға тырысады. Алайда Сейіт бәсекелестеріне жол бергісі келмейді. Бұл жағдай күлкілі оқиғаларға, тартысқа толы интригалар мен тосын сюжет бұрылыстарына ұласып, қойылымның юморлық сипатын айқындай түседі.

Спектакльдің музыкалық сүйемелдеуін «Сада» жастар эстрадалық тобы, «Нава» фольклорлық ансамблі және «Рухсарә» хореографиялық ансамблі қамтамасыз етіп, сахналық әрекетті мазмұндық тұрғыда толықтырып, қойылымның ұлттық бояуын айшықтай түсті.

Қойылымды әртүрлі жас санатындағы және түрлі тілдік ортадағы көрермендерге қолжетімді болуы үшін қазақ және орыс тілдеріне синхронды түрде аударылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі