
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Халық музыкасы факультетінің 80 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтті. Бұл факультет – Қазақстанның дәстүрлі өнерін зерттеп, оны кәсіби деңгейде насихаттайтын орындаушылар мен ғалымдарды даярлайтын еліміздегі маңызды орталықтардың бірі.
Мерейтой іс-шаралары II «Дәстүрлі музыкалық мәдениет: өткені мен бүгіні» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен басталды. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Башқұртстаннан келген белгілі ғалымдар мен оқытушылар қатысып, дәстүрлі музыкалық мұраның дамуы, орындаушылық мектептердің сабақтастығы, ұлттық музыканы заманауи білім беру жүйесіне енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Іс-шара барысында консерватория оқытушылары әзірлеген жаңа оқу және ғылыми еңбектердің топтамасы таныстырылды. Бұл басылымдар халық аспаптарын оқыту мен зерттеудегі заманауи әдістемелік және ғылыми бағыттарды қамтиды.
Мерейтой Е. Рахмадиев атындағы Үлкен залда өткен «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік концертпен қорытындыланды. Сахнада халық аспаптар ансамбльдері, жас вокалистер мен студенттік оркестр, сондай-ақ Башқұртстаннан арнайы келген қонақ – Мурат Жанизаков өнер көрсетті.
Концертте Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қалалық мәдениет басқармасы, бірқатар шығармашылық және білім беру ұйымдары жолдаған құттықтау хаттар оқылды. Салтанатты іс-шарада профессор Сәуле Жанпейісова «Парасат» орденімен марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі