
ҚР мемлекеттік академиялық би театрының 58-ші театр маусымы премьераға бай. Бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихи сахнасында «Балет нені жасырды» спектаклі қойылды.
Қойылым ұлы өнердің сахна сыртындағы жасырын әлемнің сырын ашып, балетті күтпеген қырынан көруге мүмкіндік берді.
Қойылымда ішкі қайшылықтан тұратын әртіс өмірі, шабыт пен тоқырау, бағалау секілді сезімдер айқын суреттеледі. Бұл қойылым әртістердің шығармашылық шекарасын кеңейтіп, әр қимылға сезім, әр қозғалысқа жан бітірді.
Балетке арналған қойылымның хореографы – Олег Игнатьев, ол балет ортасында өскен және театрдың ішкі әлемін жақсы білетін маман. Ол сахна артындағы өмірді балет әртістерінің шынайы өмірімен ұштастырып, көрерменге оны бүкпесіз көрсетеді.
Қойылым Петр Ильич Чайковскийдің әуендеріне қойылған. Мұнда классикалық және неоклассикалық элементтер заманауи би формаларымен тоғысады. Хореография классика мен қазіргі тәсілдерді біріктіріп, спектакльге серпін, жаңашылдық және әсерлілік береді.
Қойылымда жанрлық шектеулер жоқ: мұнда трагедия да, комедия да, гротеск те, деректі шындық та бар.
Театр труппасы үшін бұл премьера жаңа серпін, шығармашылық ізденістер мен қалыптасқан сахналық формалардың шекарасынан шығуға мүмкіндік берді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі