Биыл Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы және қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ұстаз, ұлы тұлға – Асқар Тоқпановтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған орай Таразда республикалық театр фестивалі салтанатты түрде бастау алды.
Іс-шара басталмас бұрын театр ұжымдары мен әртістер қызыл кілемнен өтіп, өнердің мерейін асырды. Шара барысында қатысушылар қазақ театр өнерінің корифейі – Асқар Тоқпановтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шарада Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің майталманы Асанәлі Әшімов, сондай-ақ театр және кино актері, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Әл-Тарази құттықтау сөз сөйлеп, Асқар Тоқпановтың ұстаздық және шығармашылық болмысы жайында естеліктерімен бөлісті.
Республикалық театр фестиваліне еліміздің әр өңірінен алты театр қатысуда. Олардың қатарында С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Р.Сейтметов атындағы Түркістан театры, Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры және қонақжай Тараздың мақтанышы – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі