«Астана Балет» театрында «Қос кілем» балетінің премьерасы өтті

«Астана Балет» театрында «Қос кілем» балетінің премьерасы өтті

«Астана Балет» театрының сахнасында екі бөлімнен тұратын «Қос кілем» балеті ұсынылды. Қойылымның негізіне Ширван кілемі туралы көне әзірбайжан аңызы алынған. Балет көрерменді өрнек пен оюдың тілі арқылы өмір мен махаббаттың мәңгілік бейнесін танытатын символдық әлемге жетелейді. Оқиғаның басты кейіпкері — кілем тоқу шебері Ләйлә. Оның тағдыры мен жан дүниесі өнер туындысында көрініс тауып, нәзіктік пен төзімділіктің көркем бейнесіне айналады.

Жоба «Астана Балет» театры мен халықаралық MOSAIC DEL ARTE компаниясының шығармашылық ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетовтың айтуынша, бұл жұмыс екі ұжым арасындағы кәсіби өзара байланыстың және мәдени алмасудың жоғары деңгейін айқын көрсетеді.

Балет шығыс пен батыс сахна дәстүрлерін үйлестіріп, музыка, қозғалыс және визуалды бейнелерді бір арнаға тоғыстырған. Премьера театр маусымындағы ең маңызды мәдени оқиғалардың бірі ретінде ерекше әсер қалдырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі