2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Чехия Парламенті депутаттар палатасының вице-спикері Ян Бартошекпен кездесті.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Соңғы жылдары кинематография, театр, музыка және музей ісі салаларында екіжақты байланыс нығая түсті. Чехияда Қазақстан киносы күндері, Қазақстанның өнерпаздары мен музейлерінің қатысуымен көрмелер жемісті жүзеге асып келеді.
Ынтымақтастықты дамытуда тарихи мұраны сақтаудың маңызы зор. Чех делегациясы Қазақстанға сапары кезінде тарихи маңызы бар орындарды аралады. Сонымен қатар Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ел территориясында қаза тапқан чех әскерлерінің жерленген орындарын анықтап, оларға құрмет ретінде ескерткіш белгілер орнатуды қарастырды.
Сонымен қатар, еліміздің тарихын зерттеуде маңызды рөл атқаратын тарихи құжаттарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Архив саласындағы мекемелер арасында ынтымақтастық та нығая бастады.
Тараптар Қазақстан мен Чехия халықтары арасындағы достық пен түсіністікті арттыруға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі