
Жезқазған қаласындағы «Мәңгілік алау» алаңында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымға толы жиынға тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар, әскери қызметкерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Көрермендерге Ұлытаудың батыр перзенті, қаламгер-жауынгер Баубек Бұлқышевтың рухына арналған әсерлі поэтикалық композиция ұсынылды.
Жиналған жұртшылықты Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтап, Жеңіс жолында жанын қиған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ қорғаныс істері департаментінің басшысы мен ұлытаулық жастар атынан құттықтау сөздер айтылды.
Шара аясында соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Сонымен қатар, қатысушылар «Мәңгілік алау» басына гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тағзым етті.
Жиын соңында тұрғындарға жауынгерлердің дала асханасы ұсынылып, “Ұлттық ұлан” ансамблі патриоттық әндерді шырқады.