
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тіл жанашыры Дастан Абдырахманұлы ұсынысына сәйкес бүгін бірқатар сауда нысандарына түсіндірме жұмысын жүргіздік.
Облыстың сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Дәулетбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахмановамен бірге сауда орындарын аралап, мемлекеттік тілде қызмет көрсету талаптарын сақтаудың маңыздылығын заң аясында ұғындырдық. Әр дүкенде орналасқан тұтыну бұрышының заңға сәйкес жасақталуы тексеріліп, кемшіліктер анықталған нысандарға қажетті түсіндіру шаралары қабылданды. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқығын қорғау туралы Заңының 24-ші "Сатушының міндеттері" бабы, әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Заңның 75-ші "Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық" бабына негізделіп жүзеге асырылды. Шара барысында дүкен иелеріне осы баптар бойынша нақты талаптар жеткізіліп, мемлекеттік тілдің дұрыс және толық қолданылуы керектігі айтылды. Тұтынушылардың мемлекеттік тілде қызмет алу құқығы түсіндірілді. Мемлекеттік тіл – тек қатынас құралы ғана емес, елдік мүдде мен ұлттық бірліктің негізі екені баса айтылды. Сауда орындарының иелері мен қызметкерлеріне мемлекеттік тілді меңгеру — әр адамның азаматтық парызы екендігін, сонымен қатар, ол — кәсіби мәдениеттің де бір бөлігі екенін жеткіздік. Кәсіпкерлер заң талаптарын түсіністікпен қабылдап, тұтынушылар сұранысына орай қызмет көрсетуге уәде берді.
Бұл бастама — мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолдану аясын кеңейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Қызмет көрсету саласында тұтынушыға сыйластық пен құрмет, ең алдымен оның тілінде сөйлеуден басталады. Бұл мәселе қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Мемлекеттік тілде еркін қызмет көрсету — еліміздегі бейбіт өмір мен татулықтың кепілі. Алдағы уақытта да осындай жұмыстар жалғасып, барлық салада мемлекеттік тілдің талапқа сай қолданылуына бақылау күшейтілетін болады.