
Көкшетаулықтар арасында жүгірумен қатар қоқыстарды жинау жаңа экологиялық – плоггинг қозғалысы танымал болып келеді.
Осы сенбі күні "Мечта" сауда үйінің жанындағы алаңға мемлекеттік мекемелердің, қаланың жастар бірлестіктері өкілдерімен қатысуымен жүзден астам адам жиналды. Аталмыш плоггингке қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұжымы да белсенді қатысты.
Таңертеңгілік жаттығудан кейін олар қала әкімі Әнуар Күмпекеевпен бірге Абылай хан даңғылымен Сүлейменов көшесіне дейін жүгіріп өтті. Мұнда жарыстың қатысушыларына қаптар, қолғаптар беріліп, барлығы топтарға бөлініп, Сүлейменов көшесінің бойындағы қоқыстарды жинауға кірісті.
Бұл акция қала тұрғындарын біріктіріп қана қоймай, барлығына туған қаланың тазалығын сақтауға қосқан жеке үлесінің маңыздылығын еске салды. Қатысушылар осындай экологиялық бастамалар қаламыз үшін жақсы дәстүрге айналады деген үлкен үмітпен және жақсы көңіл-күймен бөлісіп, үйлеріне оралды.