
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Достар» мәдениет сарайының қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдары Көкшетау қаласының тұрғындарына арнап ерекше мерекелік концерттік бағдарлама сыйлады.
Концерттік шара «Достар» мәдениет сарайы алаңында, сондай-ақ «Жайлау» және «Юбилейный» шағын аудандарында өтті. Алғашқы сәттен-ақ мерекелік кештің атмосферасы ерекше әсерге бөленіп, көрермендерге қуаныш пен рухани жылулық сыйлады.
Солистер мен вокалдық топтардың орындауында соғыс жылдарындағы жүрекке жақын әндер — «Журавли», «Жеңіс күні», «Жаса қазағым», «Маншук апай , «Идёт солдат по городу» және басқа да патриоттық туындылар шырқалды. Әрбір ән көрермен көңілінен орын тауып, ерлік пен батырлықтың, бейбіт өмірдің қадірін терең сезіндірді.
Қала тұрғындары әр өнер көрсетілімін ыстық ықыласпен қарсы алып, сүйікті әндерге қосылып ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл концерт көпшілік үшін тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар ел тыныштығы үшін жанын қиған батырларға тағзым етудің жарқын көрінісі болды.
Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жас буынның жадында сақтауға мүмкіндік береді. «Достар» мәдениет сарайының мерекелік бағдарламасы Көкшетау тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, бірлік пен рухани үндестіктің жарқын үлгісіне айналды.