
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің қызметкерлері дәстүрлі түрде «Жеңіс автобусы» атты патриоттық акция өткізді. Іс-шараның басты мақсаты — фашизмге қарсы күресте бейбіт өмірді қорғап қалған кеңес халқының өшпес ерлігін ұлықтау және осы тарихи жадыны жас ұрпаққа жеткізу.
Акция өтетін орын ретінде мәдени-ағарту қызметкерлері Көкшетау қаласының басты көшелерімен жүретін №10 бағыттағы автобусты таңдады. Жолға шыққан сәттен бастап автобус іші ерекше рухқа бөленді — соғыс жылдарындағы жүрекке жақын әндер мен әуендер шырқалды. Көркемөнерпаздардың орындауында екі тілде әйгілі «Смуглянка», «Синий платочек», «Катюша», «День Победы», «Ақ көгершін», «Әлия» және басқа да әндер орындалды.
Көп ұзамай музыкалық акция халықтық бірлік мерекесіне айналды — жолаушылар таныс әндерді бірге шырқап, автобус іші көп дауысты хорға ұласты. Ондаған жылдардан жеткен бұл әндер түрлі ұлт пен жастағы адамдарды біріктіріп, жүректерге достық, бауырластық пен ортақ тарихи жады сезімін ұялатты.
Осы күні автобуста отырған қала тұрғындары бейбіт аспанның қадірін терең сезініп, Жеңіс ұрпағының ерлігі мен жанқиярлығын еске алды. «День Победы» әнінің салтанатты әуенімен жолаушылар кеңес халқының ұлы ерлігі мен тарихи жеңіс рухын тағы бір мәрте сезінді.
Акция барысында Кеңес Одағының Батырлары — Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев және басқа да майдан қаһармандарының есімдері ерекше құрметпен аталды. Бүгінде қалада орнатылған ескерткіштер мен майдангерлердің суреттері бейнеленген баннерлер жас ұрпаққа Ұлы Жеңістің құны мен батырлардың ерлігін еске салып тұр.
Бағыт бойы безендірілген автобустан соғыс жылдарының әндері мен әуендері естіліп тұрды. Аялдамаларда тұрған қала тұрғындары акция қатысушыларын жылы ықыласпен қарсы алып, қол бұлғап, телефонға түсіріп, таныс әндерді бірге шырқады. «Жеңіс автобусы» тек шығармашылық шара ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, тарихи жады мен батырларға деген құрметтің жарқын символына айналды. Өйткені халық ерлігіне деген құрмет пен жады сақталған жерде — тарих та, бірлік те, Жеңіс батырларына деген алғыс та мәңгі жасайды.