«Балақай» үлгілі вокалдық балалар студиясы

«Балақай» үлгілі вокалдық балалар студиясы

«Балақай» үлгілі вокалдық балалар студиясы — музыка әр баланың өмірінің ажырамас бөлігіне айналатын ғажайып шығармашылық әлем. «Достар» мәдениет сарайы жанындағы балалар ұжымында 3 пен 18 жас аралығындағы жас дарындар айналысады, және олардың әрқайсысы үшін сахна – өзін-өзі танытудың, шабыт алудың және алғашқы жеңістерге жетудің орны болып табылады.

Ансамбль репертуары бай әрі сан қырлы: Отанға деген сүйіспеншілік, шынайы достық, бақытты балалық шақ пен болашаққа деген арман туралы әндер. Бұл шығармалар жас ерекшелігіне қарамастан әр балаға жақын әрі түсінікті, себебі олардың әрқайсысы мейірім мен шынайы сезімге толы.

Жас өнерпаздармен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі вокал педагогы Жақыпова Еңлік жұмыс істейді. Оның кәсіби шеберлігі, музыкаға деген нәзік талғамы мен балаларға деген шексіз сүйіспеншілігі ерекше шығармашылық орта қалыптастырып, талай таланттың жарқырап көрінуіне жол ашуда. Оның жетекшілігімен «Балақай» студиясы облыстық, өңірлік және халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. 2025 жылы Қарағандыда  өткен халықаралық байқауда Гран-при иеленуі — соның айқын дәлелі.

Ұжымның әрбір өнер көрсетуі — көрермен үшін нағыз мереке. Жас вокалистер сахнада өздерінің артистік шеберлігімен, таза әрі әсерлі дауыстарымен, шынайы эмоциясымен жүректерді баурап алады. Олардың қуаты мен жарқын жүздері әрбір қойылымды ұмытылмас сәтке айналдырады.

Бүгінде «Балақай» — кеңінен танылған, сұранысқа ие ұжым. Олар «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық өміріне белсене қатысып, Ақмола өңірінің түрлі сахналарында өнер көрсетіп, мәдени шаралардың көркін қыздыруда.

Ең бастысы — бұл ұжымды біріктіретін музыкаға деген шынайы махаббат. Ұстаздары секілді, балалар да өз өмірін әнсіз, сахнасыз елестете алмайды. Сол шексіз сүйіспеншілік пен өнерге деген адалдық «Балақай» студиясын жай ғана ұжым емес, армандар орындалып, жаңа жұлдыздар жанатын үлкен шығармашылық отбасыға айналдырып отыр.