
Кокшетау қаласында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Қыздарға әсемдік жарасады» атты мерекелік байқау өтті.
Іс-шараны Көкшетау қаласының «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ жанындағы Тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды.
Кештің басты мақсаты — қазіргі қыздардың сұлулығын, даналығын, таланты мен білімге деген ұмтылысын көрсету. Байқауға қаланың түрлі ұйымдарынан келген арулар қатысып, өздерінің интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін таныстырды.
Бағдарлама 5 кезеңнен тұрды: өзін-өзі таныстыру, зияткерлік викторина, шығармашылық нөмір, стиль байқауы және қорытынды «Сұлулық шеруі». Қатысушылар ән айтып, би билеп, креативті образдарын ұсынып, өмірлік құндылықтарымен бөлісті.
Мерекелік кеш көрермендерге жарқын эмоциялар мен көктемгі көңіл-күй сыйлап, көктемнің шуақты лебіндей жылы әрі әсерлі әсер қалдырды.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.