"Сұңқар" Спартакиадасы

"Сұңқар" Спартакиадасы

Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының студенттері арасында дәстүрлі «Сұңқар» спартакиадасы аясында волейболдан жарыс өз мәресіне жетті. Жарысқа қаладағы төрт оқу орнының командалары қатысты: А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс академиясы және Жоғары медициналық колледж. Барлығы 40-қа жуық спортшы бақ сынады.

Жарысқа қатысушыларды қалалық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Ерік Мұратбеков құттықтап, спортшыларға әділ әрі тартысты ойын, жарқын жеңістер, мықты командалық рух пен жаңа спорттық жетістіктер тіледі. Ол мұндай жарыстар студенттік спортты дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы достықты нығайтуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Ойын алаңында нағыз тартысты бәсекелер өтті. Қарсылас командалар өзара тең деңгейде өнер көрсетіп, жоғары дайындықтарын, шеберліктерін, үйлесімді командалық ойындарын және нағыз спорттық мінездерін көрсетті. Әр кездесу қызу әрі әсерлі өтті. Жанкүйерлер де өз командаларын белсенді қолдап, жарыстың атмосферасын одан әрі қыздыра түсті.

Қорытындысында тартысты өткен ойындар нәтижесі бойынша ерлер арасында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің командасы жеңіске жетті. Ал әйелдер арасында А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері үздік атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік марапаттармен марапатталды. «Сұңқар» спартакиадасы Көкшетау жастарының спорттық өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі болып, қатысушыларға жаңа тәжірибе, жағымды эмоциялар және алдағы жеңістерге деген жігер сыйлады.