
Көкшетау қаласындағы «Көкше» мәдениет сарайының көрермендер залында шынайы ертегіге толы ерекше атмосфера орнады — мұнда жыл сайынғы «Кішкентай ханшайым 2026» сұлулық және талант байқауы өтті. Алты жастан он жасқа дейінгі он сегіз жас қатысушы сахнаға шығып, құрметті атақ үшін бақ сынап, көрермендерге шынайы эмоция, қуаныш пен шабыт сыйлады.
Әрбір қыз бала кештің жарқын жұлдызына айналды. «Таныстыру» және «Шексіз мүмкіндіктер» кезеңдерінде кішкентай ханшайымдар өздері туралы балғын да шынайы түрде әңгімелеп, армандарымен бөлісіп, өнерлерін көрсетті. Бірі нәзік үнімен тәнті етсе, енді бірі әсерлі биімен, актерлік шеберлігімен немесе мәнерлеп оқуымен көрерменді баурап алды. Бірде-бір өнер көрсету қайталанбады — әр қатысушы ерекше, әрқайсысы өзінше қайталанбас болды.
Әсіресе «Дефиле» кезеңі әсерлі әрі көз тартарлық өтті. Кішкентай ханшайымдар ұлттық нақыштағы қолдан жасалған бас киімдерді асқан талғаммен, нәзіктікпен паш етті. Бұл образдарда дәстүр, сұлулық және балалық пәктік үйлесім тапты. Зал демін ішіне тарта қарап, жас модельдерді қошеметпен қарсы алып, қол шапалақтау бір сәтке де толастаған жоқ.
Қазылар алқасының алдында үздіктердің үздігін таңдау оңай болған жоқ. Алайда бұл кеште жеңілгендер болмады: әр қатысушы өз атағына ие болып, лайықты марапат пен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің шарықтау шегі — бас жүлде иегерін жариялау сәті болды. «Кішкентай ханшайым 2026» байқауының Гран-при иегері Серік Медина атанды. Оның таланты, сенімділігі мен сүйкімділігі қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегін жаулап алды.
Бұл мереке тағы бір мәрте әр баланың жүрегінде арман мен қабілетке толы үлкен әлем бар екенін еске салды. Ал жанында қолдау, сенім мен махаббат болса — ең жарық жұлдыздар жанады.