
26 ақпан күні Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Достар» мәдениет сарайында «Салтанат сарайы» жанындағы қалалық үлгілі кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Диалогқа қала мектептерінің кітапханашылары, балабақша әдіскерлері, қалалық ақпараттық - кітапхана жүйесінің мамандары, "AMANAT"партиясының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты - кітапханааралық ынтымақтастықты нығайту, заманауи цифрлық және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша тәжірибе алмасу. Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев оқу мәдениеті — мемлекеттің стратегиялық ресурсы, ал кітапхана бүгінгі таңда маңызды мәдени-ағарту орталығы болып қала беретінін атап өтті. «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова «КІТАП - AMANAT» жобасының жетістіктері туралы айтып, оқырман ұлтты қалыптастыру — бүкіл қоғамның міндеті екенін атап өтті.
"Еркемай" балабақшасының әдіскері Асылжан Бейсекеева-мектепке дейінгі білім беруде әдеби мұраны енгізу туралы;
Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп-лицейінің кітапханашысы Мейрамгүл Саяхат, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғарғы қазақ педагогикалық колледжінің маманы Сапар Әсел және қаланың кітапхана жүйесінің кітапханашысы Алма Нуркенова жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу бойынша іс-тәжірибелерімен алмасты.
Кездесудің басты ойы: Цифрландыру кітаптың жауы емес, оқырманға жаңа көпір.
Соңында Серік Жетпісқалиев белсенді қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.