
«Халықтың Жамбыл ақыны» атты бірлескен жоба аясында ұлы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтің 180 жылдығына арналған дәрістік сабақ өтті.
Іс-шараны Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі, Мәлік Ғабдуллин музейі және «Достар» мәдениет сарайы бірлесе ұйымдастырды. Сонымен қатар К. Шакеев атындағы мектептің ақындары белсенді қатысып, мазмұнды бағдарлама қалалық №19 мектеп базасында өтті.
Екі сағатқа созылған дәріс үш негізгі бағытты қамтыды:
– айтыс өнерінің қыр-сырымен таныстыру;
– Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау;
– ақындардың өнер көрсетуі, тақырыптық өлеңдерді орындау және сұрақ-жауап бөлімі.
Кездесудің құрметті қонақтары — ақын Құдайберлі Мырзабек, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Мұхаммед Конқаев және жас айтыскер Берденбек Мырзат болды. Ашық әрі еркін форматта өткен сұхбат барысында оқушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, рухани тағылым алды.
Бұл кездесу жас ұрпақ үшін тағылымы мол, рухани байытатын маңызды шараға айналды. Ұлт рухын асқақтатқан жыр мұрасы — бүгінгі буынның жүрегінде жаңғырып, болашаққа жол тартуда